Өлеңдер ✍️
Күләнға
Жылама, жаным,
Сары күз түскен белдерге,
Сарғайып жатыр жапырақ біткен
Көлдерде құстарда жоқ қой,
Дүниеде сондай сәттер бар,
Жылама, жаным,
Жасыма әкең өлгенге.
Өмір мен Өлім...
Қашаннан, қалқам, тел егіз,
Шау тартқан шақта,
Тоқтайды ғұмыр кемеміз.
Адамдық түгіл,
Орманың,
Тауың өледі,
Өмірдің қатал заңымен жүріп келеміз.
Есіңде бар ма,
Көрікті көкек жеткенде
Көгерген жоқ па дүние түгел бөктерде.
Олар да жоқ қой
Уақыты әлде өткен бе,
Әкең де соның бірлігі болып кеткен де.
Жапырақтар ұшты,
Жақсы бір адам жерленді,
Бозарды бақтар,
Бастарын иіп, ел көмді,
Бейнеті белден, рахаты келіп тізеден
Қиындық кешіп,
Бақытты болып өлді енді.
Табытты биік көтеріп жұртым төбеге,
Апара жатыр
Әкеткен мүрде келе ме?
Көмілсе көрге қарияң шығар көмілген,
Жақсылық ісін өзімен бірге көме ме?
Жылама, жаным,
Жыламау үшін бәріміз,
Тағдыр ісіне келмейді біздің әліміз,
Керуен тектес көшеді дүние сары күз,
Көктем келгенде көгеріп кірер сәніміз,
Құлаған еменнің
Шашырап түскен дәніміз.
Жылама, сары қыз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter