Өлеңдер ✍️

  03.11.2021
  142


Автор: Қази Данабев

Қай жақта жатыр соқпақты жолдар

Қай жақта жатыр соқпақты жолдар
Аспанда ойнар жасындар бар ма?
Жеңемін бәрін қайратым мол да,
Тек өзің, жаным, қасымнан қалма.
Мұқиттар бар ма тасқыны асқақ,
Өтемін кесіп,
Самғасам болды
Жапанға жалғыз өзімді тастап,
Шегініп кейін қалмасаң болды.
Ормандар бар ма, омыраулап жапқан
Қиялдап жолды бөгемек болып
Сен болсаң, болды
Жұлдыздай аққан
Өтемін отты самолет болып.
Сахара бар ма тандыры кепкен,
Қорқыныш па ол да қанатқа ерен.
Шөлдетпей сені көтеріп көкпен,
Қолтықтап ұшып заматта келем.
Шықпайды алдан шыңдар да жасқап,
Шарықтап шықан биік пе менен.
Бір осал жерім
Сен кетсең тастап,
Тек сонда ғана күйіктен өлем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу