Өлеңдер ✍️

  01.11.2021
  483


Автор: Әкім Ысқақ

Ұмыта алмаймын

Көңіліме күн боп ашылған,
Махаббаттың нұрысың ба сен?
Өміріме гүл боп шашылған,
Жүрегімнің жырысың ба сен?

Жадыратар жазың болам деп,
Сезіміме сендірген едің,
Ен әдемі сазың болам деп,
Сабырымды жеңдірген едің...

Тым болмаса көрініп жүрші,
Мұңым болды өмірде мынау
Күн нұрындай төгіліп күлші,
Қалмасын деп көңілде қырау.

Өзге ешкімді сағына алмаймын,
Кеттің жаным, өзімнен жырақ.
Сағынудан арыла алмаймын,
Сезім тамшы көзімнен құлап..

Қалай ғана ұмытайын мен,
Өткен сол бір арман күндерді...
Аппақ айдың нұры...қайыңмен..
Бал күндерден қалған бір белгі.
Сені жаным ұмыта алмаймын,
Сені жаным ұмыта алмаймын...


 


          **************



Мен сені ұмытпаймын
Мен сені ұмытпаймын,
Өтсе де қанша күндерім,
Өтсе де қанша түндерім.
Нұр жанарыңды гүл шашқан,
Ұмыта алмаймын,
Білгенім!

Мен сені ұмытпаймын,
Қатса да мұз боп атырап,
Соқса да боран қақырап,
Өзіңе деген сезімнен,
От алар жүрек-жапырақ.

Мен сені ұмытпаймын,
Жазылған жүрек хатымда,
Мәңгі боп қалды атың да.
Мендегі өлмейтін құдірет,
Сөнбейтін махаббатымда!

Мен сені ұмытпаймын,
Кездескен күндер -бал шырын,
Қалдырды мөлдір тамшы мұң,
Соғады сен деп жүрегім,
Өмірім, сенсің жан сырым!

Мен сені ұмытпаймын,
Өкпем жоқ мынау өмірге,
Гүл еккен нәзік көңілге
Бақытым бәлкім осында,
Өзіңмен биік көгімде.

Мен сені ұмытпаймын,
Бұл өмір қайта келмейді,
Әрбір сәт маза бермейді.
Сыйласын мейлі азапты,
Бәрібір жүрек сен дейді.

Мен сені ұмытпаймын,
Жылдар да өтсін жаңғырып,
Жүремін сені ән қылып,
Ұмыта алмаймын, білемін,
Сезімім саған мәңгілік!

Мен сені ұмытпаймын,
Жазылған жүрек хатымда,
Мәңгі боп қалды атың да.
Мендегі өлмейтін құдірет,
Сөнбейтін махаббатымда!
Мен сені ұмытпаймын!
Мен сені ұмытпаймын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу