01.11.2021
  445


Автор: Тұрсынжан Шапай

Бұлай болмайды ғой...

Еліміздегі, әсіресе, дүбірлі оқиғалар тұсында қозып кете беретін патриоттық сезімімді қайда қоярға білмей, аласұрып жүргенде, құдай өзі сәтін салған бір оқиға болды. Күндегі уақытта, күндегі әдетіммен жолымдағы театр ғимаратының тұсынан өтіп бара жатқанымда, театрдың артқы есігінен шығып, ешкімге көрінбей, ақырын ғана жылысып бара жатқан Абай Құнанбаевты көріп қалдым!.. Қолпиған ұзын шапанының етегі жер сыпырып, аяғын асыға басады. Суретінде шал сияқты көрінгенмен, өмірде пысық, ширақ адам екені көрініп тұр.


— Абеке...Ибраһим Құнанбайұлы, сәл аялдаңызшы, — деп, соңынан тұра жүгірдім. — Айып етпесеңіз, сізден сұрайтын бірер мәселе бар еді...


Абай Құнанбаев жуан мойнын бұрып, ентігіп жеткен маған таңырқай қарап, тұрып қалды. Үстіндегі бүгінгі модаға, тәуелсіз заманымызға сай келмейтін киімдерінен ыңғайсызданды ма, жан-жағына қарап, мазасы кетіңкіреп тұр.


— Саған не керек?.. — деді, шапанының ұзын жеңін қайырып, сағатына үңіліп қойып.


— Кешірерсіз... Атыңызды күнде естимін... Суретіңізді әр жерден күнде көрем. Бүгін сізді...өзіңізді...тірілей көргеніме қуаныштымын!..


— Тірілей дейсің бе... Ха-xа-xа!.. Жарайды, айт шаруаңды.


— Уақытыңызды көп алмаймын... Сіз данышпан адамсыз ғой, өлеңдеріңізді мектепте оқыдық... Кеше ғана бір кітабыңызды тауып алып, қарап шықтым... Жақсы жазыпсыз. Бұрынғы қазақтар туралы жазған екенсіз. Оларды, негізінен...сынапсыз. Солай ғой?.. Надан депсіз, сөзі көп, кәсіпке жоқ депсіз. Партия құрып, дау қуған, ел қыдырып, бос сенделген қылып көрсетіпсіз. Қымыз ішіп, ет жегенге мәз болған деп сөгіпсіз... Тіпті, орысты былай қойып, ноғайға ілесе алмайды деп түңіліпсіз... "Мақтаншақ, бекер мал шашпақ" деп мінездепсіз... Одан да сорақылары бар... тіпті көп!.. Айтуға ауыз бармайды...


— Иә, бәрі рас, айттым, жаздым, сынадым... — деп, сөзімді бөліп жіберді Абай. — Не сұрағың бар, жарқыным, асығыспын...


— Сонда деймін де, Абеке, бас еріксіз бейшара еліңізді сонша тұқыртқаныңыз не? Бұлай болмайды ғой... Қазақтың ешбір мінезін жақтырмапсыз... Ел жақсыларын мінеп, қожа-молдаларды шенепсіз... Қазір, өзіңіз білесіз, тәуелсіз елміз. Соның өзінде, сіз сияқты сынағыштардың артық-ауыс сөзі жүйкемізге тиеді. Олар да тек жаман жағымызды ғана көреді... Бұлай болмайды ғой!.. Әрқайсымыз өз еліміздің патриоты болуға тиіс емеспіз бе, қалай ойлайсыз?..


Абай маған таң-тамаша қалып қарады.


— Шырағым-ау, сонда, патриот болсақ, бас салып, бір-бірімізді, одан қалса, түк көрмегендей, басқалар баяғыда жасап тастаған көр-жерімізді дарақыланып, мақтай беруіміз керек пе... Пәленді қуып жеттік, түгеннен оздық деп?!.


— Неге көр-жер?.. Әлем мойындаған қаншама жетістіктерге жетіп жатырмыз!.. Космосқа ұштық... Спорттан қаншама абырой алдық... Дүниені дүмпітіп қандай шаралар ұйымдастырдық... Соның бәрін қалай көрмеуге болады?!. — дедім, патриоттық екпінмен қызына сөйлеп. — Көрші елдерге қараңыз... Қайсысы сондай табысқа жетіпті?!.


— Жә, — деді Абай, тағы да сөзімді бөліп. — Айтып жатырмыз ғой соның бәрін, жағымыз талмай, айғайлап... Өз айғайымыздан өзіміздің құлағымыз тұнар болды!.. Құлағың бітеу ме, әлде саған бұл дабыра-қиқу әлі аздық етіп жатыр ма? Апырмай... күнде бір жаңалық ойлап табатын жапондар, еуропа-америкалықтар қалай жер басып жүреді екен, осы... Көрші елдер деймісің? Мен бір сөзімде айтып едім: жаманмен салысып жақсы бола ма екен, жақсымен шендесіп жақсы болмай ма деп... Оқымаған екенсің ғой. Алдымен, ана батыс пен шығыстың жақсыларына жақындамаймыз ба? Сосын мақтансақ болмас па? Дарақы шу, даңғазаны қойып, жұмыс істеу керек, бауырым. Жаман дегенге, шын жамандар ғана шамданады. Мен елімнің адам болмайтын жаманы бордай тозып, жақсысы шыңдалып, зор болсын деп сынадым. Оның несі жаман?..


Мен дайын тұрған қарсы уәжімді айтпақ болып, аузымды аша беріп едім, Абай қайта сөйлеп кетті.


— Сосын... Патриот болу үшін бірдеңеге мақтану — міндет пе?.. Мақтанатын ештеңең болмай қалса ше?.. Онда патриот болмай қаламыз ба?! Осы сен...мәселен, әке-шешеңді мықты, бай, атақты болса ғана жақсы көресің бе? Жаны ашу, күйіну — сүйгендікке жатпай ма, сеніңше... Ашулансаң, ыза бола алмай, күлсең, қуана алмай шаршайтын жағдай кеше, бас еріксіз кезде де болды. Қазір де көп!.. "Көрмейін десем, көзім бар" деп, әне, ақындарың да айтып жатыр...


— Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда патриотизм деген не, сіздіңше?! — дедім, шыдамым таусылып.


— Мен орыстың тәуір жазушыларын біраз оқыдым ғой... Анау, кім еді... иә, Салтыков-Щедрин: "аяқ астынан, патриотизм туралы айта қалыпты... демек, біреулер тағы бірдеңені ұрлағалы жатыр-ау, шамасы" деп жазып еді. Құдай сақтасын, бізде олай емес қой... Бірақ сол сөзді айта бермеңдерші құнын кетіріп, көп жасағырлар!.. "Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін" дегенім бар еді, оқысаң... Терең сезім, ел сүю — ауызда емес, жүректе. Дарақы айғайда емес — ашыған, күйген жаныңның азабында, көзіңнің ыстық жасында тұр мөлдіреп патриотизм.... Патриотизм — еліңнің ертеңіне үмітіңді сәуле етіп, қарай-қарай, жасаурап, талған жанарыңда! Ал...анда-санда ауылыңның аты озып келгендегі қуанышыңды елімді сүйгенім деп малдана берме, шырақ. Мәселе онда емес... Ертең басқа біреу озады... Науқан мен дүрмек - өтеді. Сен озса да, озбаса да, жеңсе де, жеңілсе де, көшіп кетпей, мәңгі орнында қалатын еліңнің олқысын ойлап қайғыр, алдымен! Ақылың, қайратың, бәрінен бұрын, жүрегің сүйсін жұртыңды! — деп, белгісіз бір алыс қиырға қыранша қарап тұрып... — мә-ә-әссаған! - лағып кетті Абай! "Қуып" кетті мүлде... Осы, ақын деген қияли xалық, аспандамай, қашан адамша сөйлеп үйренеді?!. Осыны да сөз деп айтып тұр ма? Жоқ, мына кісі...шаршаған. Турасын айтайықшы — алжыған... Өкінішті!.. Сонда да болса, адамнан үміт үзуге болмайды, енді мен бар күшімді жинап, Абайдың алдына соңғы уәжімді тарттым:


— Сіздікі де дұрыс шығар... Бірақ өзіңіз ойлаңызшы, бұрынғы батырларымызды, билерімізді, қазіргі тұлғаларымызды ұлықтамасақ, тәуелсіздігімізді жырлап, дәріптемесек, кешегі бодандықта езілген еңсеміз, жасыған руxымыз қалай көтерілмек?


Абай маған шаншыла қарап, мырс етті. Көзіндегі мысқыл адам өлтірердей екен!.. Бекер Абай болды дейсіз бе...


— Әй, шырағым, мен есептедім, қазір әр аудан, облысқа оншақты батыр, әлденеше әулие, би-болыстан келеді екен... Бас-басына той жасап, мақтанып жатырсыңдар ғой, содан мүйіздерің шығар болса. Қарашы, әне, әр ауылда, бар жолдың бойында — ат мінген, найза ұстаған бір-бір батырдың тас мүсіні. Қаншама абыз-әулиенің ескерткіші!... Кей жерде, тіпті, қос-қостан! Ал, жыртыл, мақтан, "руxыңды көтер"... Қанша қаласаң, сонша пұт бар бізде!.. Алматыдағы менің ескерткішімнен де үлкен көбі!.. — деп, қарқылдап күле түсіп, сақалын саумалай сипап қалған... Сол кезде, о, сайтан... қауғадай сақалы жалбырай жұлынып, қолында кетті!.. Кәдімгідей...жақ пен иектен ажырап, сірә, әжептәір салмақты сақал болса керек, қапелімде абдырап қалған Абайдың саусақ ұшында шайқалып, сәл ілініп тұрды да, салп етіп, жерге түсті... Өз көзіме өзім сенбедім!.. Қарсы алдымда сақалды, тақиялы, үйреншікті мосқал Абай емес, тақияның астына қайырып тыққан ұзын шашын жалбырата, саусағымен тарақтап, қарқылдай күлген жап-жас жігіт тұр... Сақал кеткен соң, тақиям не сән деді ме, қолына бүктеп ұстап алыпты. Не істерін білмей, есеңгіреп қалған маған қарап, қайта-қайта күледі... Күле тұрып, еңкейіп, екеуміздің арамызда өлген қарғадай етпетінен түсіп, илектеніп жатқан сақалын жерден іліп алды да:


— Қазір Абай жоқ бұл елде, — деді. — Іздеп әуре болмай-ақ қой... Мен — әртіспін... Көшенің арғы бетінде тұрған анау бір мектепті көрдің бе? Оқушылармен кездесуге шақырған бізді. Құр барғанша, "Абай" спектаклінен үзінді ойнап берейік деп... Сен, давай, бауырым, патриотпын деп, бос айғайлай бермей, бір дұрыс желім зауытын ашсаңдаршы!.. Әйтпесе, әбден зықымыз шықты. Қаттырақ сөйлесек, осылай... сақалымыз түсіп қала береді. Сөйт, братан, зауыт ашыңдар, "әлемдегі ең жақсы желімді өзіміздің жігіттер шығарады!" деп, мақтанып жүрейік біз де... Сосын қазақ өнерінің патриоты ретінде, анда-санда болса да, театрға келіп тұрсаңдаршы, азаматтар!..


Осыны айтып, ол, сақалын дұрыстап жапсырып алмаққа, жаңағы шыққан есігіне асығыс қайта кіріп бара жатты... О, сайтан!.. Мен кіммен сөйлестім? Жын ба, жоқ, әлгі... Абай Құнанбаев па?.. Мен онымен өзімді қатты толғандырып жүрген аса маңызды мәселе туралы сөйлескім келген. Ал ол... Әртіспісің деген!.. Мені ақымақ қылып, ойнап... Бұлай болмайды ғой!.. Ал, жалпы, театр... Иә, бір... келіп, көру керек еді, шынында...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу