Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  112


Автор: Серік Сағынтай

Абақты. Декабрист

Құбыла бетті қан жапты,
Күн екен сөнген өртеніп.
Көктегі анау шаңдақты
қызыл нұр барад көмкеріп.
Қалжырап келіп құладым,
Жалп етіп өшкен жалындай.
Жарқ еткен мен бір нұр-ағын,
Полярдың шұғыла таңындай.
Ыңырсып ымырт теңселіп,
Төрт құлақты түн жер сүйді.
Жамылып күлді мен шөгіп,
Кеудемде бір күй сыңсиды.
Шығыстан шырай келместей,
Алып түн мынау, табыт түн.
Тұтасып көкте сең көшпей,
Жанары жабық жарықтың.
Құбыла бетті жапты қан,
Өртеніп өшті Күн ғарып.
Абдырап несін аптығам,
Боз таңды күтем сұрланып...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу