Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  144


Автор: Серік Сағынтай

Қыр басында Ай қалғыды

Қыр басында Ай қалғыды,
Сары жалқын жайған нұры.
Қара түн кеп қамықтырған,
Жұбатады ол қай зарлыны?!
Қыр басында бөрі ұлыды,
(О да — өксікті өмір үні).
Зар-запыран шер толғауды
күңірентті жел уілі.
Қыр басында жел жылайды —
Әнге қосып солғын Айды.
Қара түннен қарғып шығып,
Жұмарлайды Жерді қайғы.
Қыр басында Ай бар ару,
(Бөрінің жел жайған әнін).
Сары нұрды — жарығымды,
Мен елес боп айналамын.
Қыр басында сес түнейді,
Түнекті жел кескілейді.
Мен ғана оны түсінемін,
Ешкім мұны естімейді.
...Таң атқанда, түн қашуда,
Түн жамылған сырды ашуға,
Сарғайып бір гүл тұрады,
Қалғып кеткен қыр басында.
Қыр басында...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу