Өлеңдер ✍️

  30.10.2021
  329


Автор: Серік Сағынтай

Күз

Күз келді, міне, қалаға,
Сағыныш түсті сары қымыз толмай сабаға,
Найқалған көштің нараду соңы шұбалып,
Боздап келеді сіңірі үзілген нар-аға.
Кез келді қажып жығылар,
Боздап келеді сыңар өркешті ұлы нар.
Қалаға қарай бұрылды мына көш неге,
Қалада менің қай аталарымның құны бар?!
Түсінбен —
Даланы аңсап, бір мұң аңқиды ішімнен.
Шаһарға көштің соңғы түйесі енгенде-ақ
Тұншыға өксіп, шошып оянам түсімнен.
Түнімен тыншу таба алмай,
Жұмақтан Жерге қуылып келген Адамдай —
Адасып кетем көшені кезіп — көшті іздеп,
Жолықса кенет керуенбасын сабардай.
Сағымды салқар белді ойлап,
Аласұрамын тау жақтан аққан желдей нақ.
Керуен соғып, көшеде қалам қамалып
Қалаға келіп қаңғырып жүрген мен бейбақ.
Көш те жоқ.
Құмырсқа илеуінде салыққан менде ес те жоқ.
Жүректі қарып, тамады ыстық тамшы боп
Көзімде селмен, көмейде шермен өшкен от.
Жындана —
Күңіренеді жұлдызды жұтқан түн ғана.
Теңіз даланың иірімі екен жалмауыз
Сені де жұтқан, мені де жұтқан сұм қала.
Күз келді тағы қалаға.
Адасқан көшті аңсаған бала таба ма?
Киіз үйімнен қалған құрымды күйдіріп,
Басамын қарып қаны тиылмас жарама!
Күз келді...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу