Өлеңдер ✍️
Қарағаш
Толғана алатын,
Таңғала алатын менен гөрі
Қарағаш Аллаға жақын.
Өйткені, ол бұтағын көкке жайып,
Жалбарынып, сағынар көктем айын.
Көктем келе болмысы бүрлегенде,
Толады да өзегі нұрлы өлеңге.
Жапырағы сыбдырлап сыр таратып,
Айналар тіл-көмейге.
Қарағаш...
Бұтағына қарғалар ұя салып,
қарқылдағанмен
Аспанның киесі ауып,
Қаламсап боп кетеді қауырсынды,
Қара жер - сия-сауыт.
Қаралы ел – сия-сауыт...
Қара шалдар күн көрген бие сауып,
Солар маған саумалын құя салып,
Бозартқан соң кеудемнің ақ парағын,
Мен ақтарамын...
Қауырсын қалам іздеп.
Сарғаямын кеудеме нала, күз кеп.
Жапырақ боп құлаймын атырапқа,
Айналып қара топыраққа
шіріп кетсем
тамырына жетермін қарағаштың.
Басымды өстіп өмірден ала қаштым.
Қара өлеңнің ақ тәпсірін құраған,
Қара шалдар құлаған
Басында қабірдің...
Соңғы барар мекенінде тәніңнің,
Бұта бүрлеп, бұтағына жан бітіп,
Саясында уақытты қалғытып
тұрады.
«Елең қағып Жастығымның құлағы».
Қарағаш көкке қолын жайған қара шалдай-тын,
Жаза алмаған жырларымды жалғайтын
Қолында тек Құраны
Ол өлеңнің сарқылмайтын сиясы,
Қарағаш – қара шалдың ұясы.
Қадаған қарға қанатын,
Менен гөрі солар Аллаға жақын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter