Өлеңдер ✍️
Тау суреті
Қызылқұмар құс-көңілі жасып құр,
Қыран тауды томаға бұлт басып тұр.
Анда-санда саңқ етеді шамданып,
Қырау қатқан ақ иығын қомданып.
Аңшы дала қамшы басып атына,
Жай ойнады аспан жүзі шатынап.
Жел жүгіріп таудан төмен жанықты,
Торғын тұман балақбауын ағытты.
Жаңғырық дос дабыл қағып сай жақтан,
Түлкі қуды айдап шықты жай жатқан.
Қырдан қашып түлкі-құйын құтырды,
Дауыл қолы томағаны сыпырды.
Қаршыға-шың көкке атылды шаңқылдап,
Жапалақ тал жар басында жалпылдап,
“Түлкі бикеш, тез, тоғайға кір” дейді.
(Тапал байғұс биіктерді күндейді).
Түлкі болса бұл кеңесті құп көріп,
Аман қалды тоғайға еніп жып беріп.
Жапалақ мәз, жар басында жалпылдап,
Қарға күлер қошеметтеп қарқылдап.
Жел күрсінсе көкірегі шемен де,
Шың қалады сорғаламай төменге.
Шаңқ етед те іштен үнсіз тынады,
Тек жаңғырық дабыл қағып жүр әлі..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter