Өлеңдер ✍️
Өрт
Жел жоғалды аспанға, дала тыныш.
Жадау тартты жабырқау жаратылыс.
Момын қырлар күйдірсе күнге арқасын,
салқын ауа сағалап шың-жартасын,
ауып кеткен.
Ал дала жаңбыр тілеп
сусап жатыр.
Көмектес, тау жұрты кеп.
Тым құрыса, бір шөкім көлеңке бер,
Құтқармасаң аптаптан жер өртенер.
Тыңдамайды маңғаз тау керіп төсін,
(Ол да маған жаңғырады еріккесін).
Күн аптабын жалтыр тас тайғанатып,
Асқақ төсін самалға аймалатып,
тұра берген.
Ал дала ғажап атын
ұмытты да, жақты кеп тозақ отын.
Лаула, тозақ, менің де құтым қашты,
Сай-саланы тымырсық түтін басты.
Ібіліс-жын деміндей тозақтағы,
Тұмшалап ап бар маңды, азаптады.
Жанталасты қара жер бір аянбай,
Тау да кенет лап етті шыдай алмай...
Күндер кетіп басымнан ерке кілең,
Мен де кеше осылай өртеніп ем.
Сен ғой сонда менсінбей асқақтаған,
Тым биіктен көзіңді тастап маған
сырт беріп ең.
Мен жүрдім отқа оранып,
өзегімді өрт жеді-ау қап-қара ғып.
Бықсық кеуде жан едің, жоқ пейілің.
Бықсып-бықсып бір ұшар көкке күлің.
Шемен кетті, шөл қанып, шер тарады.
Жатырқамай маған да ел қарады.
Тек, ұмытпа, өртенсе жер танабы,
Дала түгіл, тауды да өрт алады...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter