Өлеңдер ✍️
Ондық шам
1.
Тұсыма кеп бекітерде түн ірге,
Ондық шам боп сығаладым іңірге.
Батқан күннің барша нұрын сіміріп,
Жалыныммен көр ызғарын бір ұрып,
Лапылдадым — қан атқандай білтемнен,
Бірақ, кейін серпілмеді түн төнген.
2.
Шұғыладай бір жалт етер Сібірде,
Ондық шам боп арайландым іңірде.
Жарығыммен жылытпақ боп бар маңды,
Өзегімнен өрбіттім сан арманды.
Бірақ, ешкім қосылмады үніме —
Шам жарығы түспейді екен түбіне.
3.
Ырғақ қосып дүниелік дірілге,
Ондық шам боп бой көтердім іңірде.
Түнек болып тұмшалай ма мені ертең,
Жүрегіме жасырынған көлеңкем?!
Сол көлеңке түннен таққан тұмардай,
Мәпелеймін қуысынан шығармай.
4.
О, Жаратқан, құлақ салшы бір үнге,
Ондық шам боп дірілдеген іңірде.
Жарық күннің қызуы бар бойымда,
Табыт түннің көшірмесі қойында.
Білте ғұмыр лаулатқанмен жүректі,
Жүрегімнің түбіндегі түнекті
қалай қуам?
Жауап берші бір-ақ, шын.
Өзегіме өрт сыйлаған Шырақшым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter