Өлеңдер ✍️

  29.10.2021
  138


Автор: Серік Сағынтай

Тоқсаныншы жылдар. “Тасқора” сыраханасы

Тұнжырап түн келгенде тас қалаға,
Оянып шырт ұйқыдан қасқа Нала,
Мұңдылау жас ақынның кейпіне еніп,
Кіретін елмен бірге “Тасқораға”.
Сосын ол мұң ақтарар жүрегінен,
Жұқтырған жүрегіне түн елінен.
Налаға даласүйгіш шер қосылып,
Төгілер қапалы жыр түменімен.
“Тасқора” мекен болған серілерге,
Серіге серіктесер перілерге.
Кірерде сусап келген небір ер де,
Шығарда шақ қалады егілерге.
Қазақтың жыры осында, әні осында,
Бал сыра жазар жанның жарасын да.
Жас ақын мұңайып бір отыратын,
Арқаның арландары арасында.
Арландар азу білеп аракідік,
Көкбөрі көктегі Айға қарап ұлып.
Тарқайды тамашадан талып-шаршап,
Бәрінің жүрегіне нала жұғып.
“Тасқора” сұлу сырға баспана боп,
Талайдың жүрегіне тастаған от.
Сол кездің арландары аға қазір,
Қала мен нала басқа.
“Тасқора” жоқ...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу