Поэмалар ✍️
Сексеуіл
(микропоэма)
...Күнәға кешірім жоқ ешқашанда,
Тірлікті қайта бастан бастасаң да.
Кемді күн қызық дәурен өте шығар,
Кешігіп кешу айтып қоштасарға.
Сол күнді қапияда жетсе білмей,
Өксікке айналады көксеуің кей.
Кеулейді көкіректі күйінішің,
Ішіңе біткен бір түп сексеуілдей.
Түбірі сексеуілдің кіндігіңде,
Тамыры – қылған күнә тірлігіңде.
Тынарсың ел көшіне қосыла алмай,
Қуарып, құр елітіп мың дүбірге.
Сексеуіл - шағылда өскен жан бауырым,
Жасынан жанып келген қандауырын.
О-дағы көшкен елмен бірге жөнеп,
Бастаған әр шаһарда зар дәуірін.
Қалада – тас көшелі, шағылсыз жар,
Табаның тасқа тиіп, жаның сыздар.
Қаңбақша қалың қазақ жөңкіледі,
Көндірген тәртібіне тамырсыздар.
Тас қала, тасты жарған қарағай жоқ,
Тау да жоқ, тау көтерер Толағай жоқ.
Ақсақал ақыл айтар, баладай боп,
Бала да бассыз өсер шалағай боп.
Құм да жоқ, топырақ жоқ тамыр басар,
Тас жолдан сая таппай сағым қашар.
Қазаққа жаны жақын сексеуіл де,
Бауырға бауыр басып қауымдасар.
Қайтеді ол құм таппаса байланарға,
(Тағдыры тура бізбен сай болар ма?!)
Қазақтың кеудесіне түсіп кетер,
Бір күні тойдан шаршап жайрағанда.
Сексеуіл сүйіп өскен күнді, жерді.
Тағдырдай тасқа жазған тірлігі енді.
Найқалып нән қалада көшіп жүріп,
Табады талай ұлды құм жігерлі.
Табады талай жанды мұңы есілген,
Көшеден, кинозалдан... күресіннен.
Ішіне бітеу бітіп жанын қинар,
Тірлігін тәмәм қылып күле сүрген.
Зар бұта тамыр жаяр жас тәніңде,
Енерсің елден кетіп, басқа өмірге.
Елітпей еш сезімге, жасқа, гүлге,
Азыққа аттанарсың аш қабірге.
Сыр да жоқ, сымбат та жоқ, тілек те жоқ,
Телміріп санаңдағы түнекке көп.
Сексеуіл кепкен бұта сықырлайды,
Одан тек құтқарады жүректегі от.
Одан тек құтқарады жүрек қана,
Жүректе лапылдайтын бір от дара.
Өртеніп өзегіңе жалын бітсе,
Болады санаңдағы түнек те ада.
Шоғындай сексеуілдің қайран жастық,
Маздамай, әз басыңа байланбас құт.
Біз неге қалаға кеп қаңтарылдық,
Біз неге қырдан қаштық, сайдан қаштық?!
Біз неге ұмытамыз ел аңызын?
Бұтағы сексеуілдің салады ызың.
Біз неге бас тартамыз бар тарихтан,
Біз неге тыңдамаймыз ар арызын?
Біз неге жат боламыз құм-шағылға,
Тұтқын боп түнектегі тұмса мұңға?
Бұтағы сексеуілдің – екі қолым,
Аңырап аза жатыр құрсағымда.
Аңырап дала жатыр, қала жатыр.
Жақындап қалғаны ма заманақыр?
Теседі жүрегіңді сор сексеуіл,
От болып өртенесің қара да тұр.
...Қазақтың ескен жыры, көшкен құмы,
Таппаса тірлігіңнен еш белгіні.
Басталар бұл далада алапат өрт,
Сексеуіл жүрегіңді тескен күні!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter