Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.10.2021
202
Кісікиік
Бала күнді еске аламын жиі мен,
Сол кезден-ақ мұңлы кісікиік ем.
Күн астында күреңітіп жүретім,
Кеудемдегі кәрі қобыз күйімен.
Балдәуреннің бақ-армандай бал күні
өте шығып,
жүректі ой тарпыды.
Көкірекке сызын сыйлап кетіпті
Бізді өргізген құралайдың салқыны.
Біз жөңкілген құба дала қырында
Қызық қалды алмастырмас ғұмырға.
Жастық дәурен үзіп қалды күдерін
Тұлғамыз да айналғалы тұғырға.
Киік кетті, кісімсіген мен қалдым,
Күйім кетті,
Қобыз қалды шалған мұң.
Бала кезді сағынумен келемін
Жарым жолын жүрмей жатып жалғанның...
Сапар мынау сағым қуып, салыққан.
Бөкен емес, бөрі алдыңнан жолыққан.
Көкжиекке сіңген киік — сырласым,
Одан өзге жоқ әлі ешкім мені ұққан!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter