Туындылар ✍️
Көкжиек
Сембек оқуын бітіріп ауылға келгенде, әке-шешесі естері қалмай қуанған еді. Екі етегі далақтап, азаннан кешке дейін тор атқа мініп алып, ауылдың өріске бармай қалған сиырларын егінге түспесін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүретін шыдамсыз Алпысбай баласының алысқа кетіп қалмай, ауылға қайтқанына разы боп: «Е, жөн бопты, енді кім боласың, бастық боламысың сонда?» — деді. Сембек әкесінің аңқаулығына еріксіз күліп:
— Оқыған жұрттың бәрі бастық бола берсе, қатардағы қызметті кім істейді. Маған бастық болмай-ақ, қатардағы бұғалтыр болсам жетеді, әке,— деді.
— Соның дұрыс. Әйтеуір, тек жүрсең бопты. Жаман атқа ілінбе. Тұқымыңда ел басқарған адам жоқ. Бірақ өзіңді оқытқан мұғалімдер көп мақтайды. Содан қорқам.
— Несіне қорқасыз, қуанбайсыз ба, қайта.
— Жас баланы мақтай беру, әй, білмедім, қарағым.
Соңынан елдің, ауыл-аймақтың, туған-туыстардың жағдайын айтып, әңгіме басқа тақырыпқа ауыса берді. Сембектің шешесі украин қызы еді. Қазақша сөйлегенде еш қазақтан кем емес.
Жасынан оқуға зерек, іске ширақ Сембекті былайғы жұрт Алпысбайдан қызғанып «Алпысбайдан туды дейтін» емес деп, теңгермей отырады. Шешесінің де шашы сап-сары, көзі шүңірейген, иығы еңкіш ажарсыз болған соң, оның үстіне, балалар үйінде тәрбиеленген тұлдырсыз туыссыздығын еске алып, оған да бұл жақсылықты қимайтын. Өзінен басқа екі ағасына да жұрттан озған өнер-білім қонбады. Ауыл ішілік жұмыстан аспады. Ал бұйра шашты, отты көзді мінезі биязы Сембекке қызығушылар да қызғанушылар да көп еді.
Жасынан бірге ойнап, мектепте бірге оқыған достары қонаққа шақырып, көліктерімен қыдыртып, алғашқыда бұны үйге тұрғызбады. «Қандай қызды қалайсың? Айт, таңдағаныңа үйлен», — шындап қолқа салды. Тұрсынғали деген жігіттің келіншегі жеңгетайлыққа жүйрік еді, ұяңдау Сембекті таяуда мектеп бітірген қайын сіңлісімен таныстырып, араға өзі түсіп, айналдыра бастады. Сембек кеңшардың орталығында қызмет істейтін. Алғашында тартынып жұмысқа алмаған басшылар, астанадан мұғалімдер телефон соққан соң, оқу үздігі болған Сембекті бірден бас бұғалтырдың оң жағына отырғызды. Ауданға шақырып еді, Сембектің өзі тартынды. Өткен күндерден жүрегінде қалған жараны жазамын, — деді ме, жаны тыныштық тіледі. Сөйтіп, талай жыл армандаған өмірі басталып та кетті.
* * *
Айғанша кілем төселген бөлмеде, айна алдында отыр. Иығына түскен қалың шашын асықпай тарап, олай-бұлай түйіп, бір өріп, бір тарқатып өз ажарына, толысып кемеліне келген сырт сымбатына жымия, нұрлана қарайды. Көкірегінде алып ұшқан бақыт сезімі кішкене кеудесіне сыймай төгіліп кететіндей шымшым қайнайды. Аппақ етіне гүлді жеңіл халат киген. Кілем үстінде жеңіл басып әрі-бері жүргенде аяқ дыбысы сезілмейді. Дөңгелек жүзіндегі сырт көзге байқала бермейтін тәкаппар салқындық оңашада қиял билеп беймәлім күй кешеді.
Күләш жеңгесі Айғаншаның осы бір құпия ойларын оқып қойғандай сәл оңашаланса-ақ Сембекті мақтап, қыз бен жігіт арасында болатын тәтті, бұрын балалық қиялмен ғана кешетін құпияларды сыбырлай, жандыра, құштарлана әңгімелейді. Осындай әңгімелерден соң Айғанша түн бойы көзі ілінбей, таң атса сол ойларын жұрт оқып қойғандай өз-өзінен қуыстанып, әзілдесіп ойнайтын бөтен бозбалаларға жолығып қалмауға тырысып, оңашалана береді. Ендігі жүрек соғысы, өмірлік тілегі тек Сембекпен ғана бірігіп, тек соны ғана қалайтын сияқты күндер өтуде.
Күз ерте түскен, қарашаның ортасы еді. Бір топ жас қонақтан дабырлап, түнгі ауыл көшесінде емін-еркін келе жатыр.
— Сәл аялдайық, — деді Сембек Айшаны тоқтатып. Іле-шала:
— Сембек, қайда әкеттің менің сіңілімді, тоқтаңдар,—деген Күләштің дауысы естілді.
— Немене, сіңіліңді оң жаққа отырғызып қояйын деп пе едің. Қыдырсын олар да оңаша, — деп әзілдеді Орынбайдың келіншегі.
— Көзден таса қылатын қызым жоқ. Әй, Айғанша, — деді тағы.
Жиылған топ көр-жер әңгімемен қалды да, Сембек пен Айғанша алдыға қарай оза түсті.
Сембектің бойында жеңіл бір сенімсіздік бар. Ол қашан, қалай пайда болды — білген емес. Білетіні — өз өмірі мақсатсыз сияқтанады да тұрады. Өмір түс сияқты. Жанын жегідей жеген ойлардан бір серпіле алсашы. Бәлкім, Құралайдың ағалары да осыны сезген шығар, бәлкім, астанадағы ғалым ағалары да жігіт санасындағы осы бір бұлдыр сезімді білген болар.
— Сен өте нәзік жансың, — дейтін Құралай. Сен тек қана ғылым үшін, іздену, зерттеу үшін жаралғансың. Тағдыр өзінше сүйреп, қара дүрсін тірлекке түссең, онда біткенің, — дейтін. «Япырау, қалай дәл басқан. Мұнша көреген болар ма? Жо-жоқ, мен — өр адаммын. Осы қызметіммен, тұрмысыммен-ақ ешкімнен кем емеспін, өзімді кемсініп үйренген жандарға қалай жалпақтамақпын. Міне, ауылдамын. Қызмет те, абырой да жетеді». Оның кеудесін бір сәт мақтаныш биледі.
— Не ойлап кеттіңіз? — деді Айғанша. Сембек тәтті жымиды да, көпті көрген үлкендей маңғазданып:
— Жай, әншейін, өткен-кеткен жайлар ойға оралып, — деді.
— Неге ылғи жалғыз жүресіз? — деді қыз, жаны ашынғандай үнмен.
— Жылдар бойы қалыптасқан әдет қой. Шуға, жиын-тойға құмар емеспін. Сыйлап шақырған соң бармау тағы ұят.
— Әлде, сізге айналадағы жандардың мінез-құлқы ұнамайтын болар.
— Менен жарытып достық та, дұшпандық та шықпайтын шығар. Өйткені, мен кімге қызмет етіп жүргенімді білмеймін. Өзіме қызмет еттім дейін десем, алатын айлығым тым аз, халыққа қызмет еттім дейін десем, өз әке-шешесін қарық қылмаған жан халықты ойлай ма. Отанға қызмет еттім дейтін желеуді, әсіресе, коммунистер көп айтады. О, баста мен эгоист боп тусам керек, — деді. Айғанша бұл сөзді түсінбей қалды.
— Ол не мағына береді? — деп сұрады.
— Ол — тек қана өмірде қара басын ойлайтын адам, — деді Сембек.
— Өз басын ойламайтын адам бола ма ?
Сембек мырс етті. Қызға сынағандай қарап: — Сол адам алдыңызда тұр, — деді .
— Менің ойымша, сіз басқа нәрсеге алаңдайсыз. Сізде дос жоқ. Туыстар сізді түсіне алмай жүр. Тұрмысқа икемсіз көретін сияқты. Ал сіз мүлде олар ойлағандай емессіз.
— Бар кінә сонда. Мен қалыптасып бітпеген, шарқ ұрып жүрген жанмын, — деді Сембек. — Өзімді өзім аяй берем. Қорқамын.
Айғанша мына сөзден шошынғандай секем алды.
— Кімнен, — деді тіксініп.
— Бәрінен, — деді Сембек. Бәрінен сескенем, қателесуден, тұрмыстан, өсектен, бөтен адамдардан.
Айғанша ашық дауысын көтере күлді.
— Әзілдей бересіз-ау. Несіне қорқасыз. Өзіңіз бастықтың орынбасар болыпсыз. Қаласаңыз, ұрсасыз. Қаласаңыз, мақтайсыз. Ауыл қыздарының кез келгенін қарата аласыз, — деді қыз еркінірек сөйлеп.
— Әне, соның өзі қорқынышты, — деді Сембек. Қыздың ыстық алақаның аялап қысып қойды. — Қайтайық, — деді сонсоң. — Ұят болар.
* * *
Алпыспай шілденің ыстығында жапырайған киіз үйдің ішінде шай ішіп отыр. Шайды ішкен сайын терлеп, алдына салған ұзын орамалмен бет-аузын, желкесін сүртінеді. Жаппа астында ыдыс-аяқ жуып Қатипа жүр. Дөңгелене тігілген бес-алты үйлі — шөпші ауыл осы. Анадай жерде қауқайып, есік-терезесі ашық шөпшілер ұйықтайтын вагон тұр. Сары жазықта лүп еткен жел болсашы. Шөпшілер орталыққа моншаға кеткен. Жай күндері мұндай ыстықта күн еңкейіп, салқын түскенше, шөпшілер көлеңкеде жатар еді. Таң сәріден тұрып, содан күн қызғанша шабындықта болады, кешкі салқынмен сам жамырағанша тағы да шабындықта.
Алпыспай — қаңғалақтаған мазасыз шал, дарылдаған даусы құлақты жарып ақырын сөйлеуді білмейді. Айғайлап сөйлеп, асығып-үсігіп, тып-тыныш бітіре қоятын шаруаның берекесін кетіреді. Пенсияда болса да, жаздай совхоздың шөбін күзетеді. — Е, жаман Алпыспайдың бұйрабас ұлы да бастық болды де, — деп елдің болғаның көре алмайтын күншілдер оқта-текте мұқататын болды.
«Балам бастық еді, сендерден артық болдым», — деп жүрген Алпыспай жоқ. Біреу-міреу ісі түсіп, шаруасын бітіріп: «Сембекжан көмектесті, айналайын», десе: «е, көмектессе, өз балаларың ғой»,—деп бойына дарытпай қоя салады. Меншіктеу жоқ, мақтану, марқаю жоқ.
— Шіркін, Алпыспайдан өзге біреу болса, орталыққа көшіп, сәулетті үйді алып, баланы үйлендіріп, отырмас па қызығын көріп, — дейді. Алпыспайға разы болмағандар Сембектің басқа бастықтардай байлық, салтанат қуып, ішіп-жеп, елден артылып кетпегенін көріп: «ынжық» деп жақтырмайды. Сембектің еңбегі Алпыспайдан гөрі Көктембайға сіңді десті. «Иә, шынында, біреуді иектетіп, қолбалаға айналып, басқаға жем болғанша, өз туысын неге көрмейді», — деп кемді күн ағайын ренжіді. Жақсылық жасап жарылқай қоймадың, үй әпермедің, анау балаға техника мінгізбедің, мынаның еңбегін көбейтпедің деген сияқты сөздерді ести жүріп ағайынның бар олқысын толтырсаң да өкпесі бітпейтінін Сембек жақсы түсінді. Астанадан теңдеп алып келген байлығы бар дей ме, өзіне ырыздық боп қайтып жатқан бір жақсылығы болсашы. Көктембай да көпті көрген көнегөз ғой:
— Татымсыз адамға істеген жақсылығын құр әуре, — дейтін. Осы құр әуренің ортасындағы еңбегі еш, тұзы сор Сембек бас пайдасын білмейтін, жақын кім, жат кім, жаман кім айыра алмайтын сормаңдай. Туыстары өкпесі қара қазандай, шаруаға қыры кеткен, үйінен анық бес адамға сыйлы қонақасы беруге жарамайтын кер кедей. Молдық пен игілікті кешіп тұрып қызығын көруді білмейтін міншіл, кертартпа, кеселді ердің сойы. Жасы жиырма үшке келген бойдақ жігіт туған ағасының үйінде тұра алмады. Жеңгесі салақ, үй-іші кірлеген, сырланбаған еден сықыр-сықыр етеді. Есіктен төрге жиналмай шашылып жатқан ойыншық, ыдыс-аяқ, дүние. Алғашында білдірмеуге тырысты. Аздан кейін білдірді. Сонсоң айып болса да, кемшілікті айтты.
— Ұнамаса қатын алып, бөлек шықсын. Неменеге бәлсінеді, кеше өзіміз оқытқан, адам қылған ұл еді ғой, енді кеп бізге жөн үйретуді шығарды, — деп долы жеңгей ағаны қарсы қойды. Тұрсынғалидің үйінде жүргені Сембектің қайбір жетіскендігі. Ағасыныкіне келсе, қарап отырып шаршайды. Ашық кетіп қалуға, елден ұят. Тұрсынғалидің құрдастығын сылтауратып, көбіне, соның қасында жүреді. Өзінен басқа оны кім түсінсін. Сөйтіп жүріп ағайын міндет артады. Кімді жөн, кімдікі теріс. Кім білсін?
* * *
Киіз үйдің кереге тұсын түріп қойып, төр алдына қисая кетсе, қатып ұйықтап қалған екен. — Қайнаға, шай шығарып әкелдім. Жаңа піскен ыстық бауырсақпен шай ішіңіз,— деп Қатипа үйге сөйлей кірді. Етегі ұзын гүлді көйлектің сыртынан алжапқыш тартқан аспаз әйел қызарып, терлеп, шаруаға беріліп алған, аздап дем алмақ боп, оның үстіне, «үлкен адам ғой құр кетпесін» деп қазандықтағы шоққа бауырсақ пісіріп, ескі шәйнекке шай шығарды. Бет-әлпетінің кесектігі болмаса, Сембектен бес-алты-ақ жас үлкен, Бүйрекбай деген тракторшы жігіттің келіншегі еді. Үш баласы енесінің қолында. Атасы Құрманжан Алпыспаймен шамалас. Қатипа жөн біледі екен: — Сембекті білеміз ғой, аға. Бізден бес-алты жыл кейін оқыды. Жүрісі, зеректігі бөлек еді. Сол кезде-ақ Қабдол ағай «осы бұйрабастан бірдеңе шығады» деп отыратын. Құтты болсын балаңыздың қуанышы, енді үйлендіріп, немере сүйетін күн де жақын. Қашанғы жүрер дейсіз. Көктембайдың қызымен уәделері бар көрінеді ғой.
Далаға шығып, салқын сумен жуынып келіп, ыстық шайға енді мейірлене кіріскен Алпыспай Қатипаның жылы әңгімесіне сүйсініп отыр еді. Көктембайдың атын естігенде қақалып қала жаздады. Аузындағы асты толғап-толғап зорға жұтты да, ыстық шайдан ұрттап ентігін басты. Одан әрі қипалақтап жайы болмай, құйған шайын да, аузын күйдіріп ала жаздап, зорға ішіп, томсарып кейін ысырылып отырды. Басын ұстарамен тақырлатып, тақия киіп алған. Күн қаққан бет-аузы қара күрең. Аяғына киген құрым етікті шешіп, кең шалбарының балағын шұлығына жиыпты. Көйлектің жоғары түймелерін ағытып, жеңін түріп қойыпты. Бата беріп, дастарқан жинаған соң Алпыспай тез жиналып: — Ойбу, орталықта бір шаруам бар еді. Мені сұраса, осында жүр дей сал, қарағым, — деп кер атын сипай қамшылап, аттанып кетті.
* * *
Көктембай Алпыспайдың ата жауындай еді. Алпыспайды қағытпаса, келеке қылмаса, тұрмыстағы, мінездегі бір кемістігін мазақ етіп жұртқа жариялап отырмаса тамағынан ас өтпейді. Алпыспай жасында арақ та ішті, төбелеске де үйір болды, әр шаруаның басын бір ұстап, трактор айдап, техника қолынан келмеген соң, совхоздың сиырын бағып, меншіктің кезегіне шығып, күзетші боп, қырманда жем ұшырып, айырмен шөп тиеп, шопанға көмекші боп, әйтеуір, өмірін таусылмайтын бейнетпен өткізген. Алпыспай трактор айдаса Көктембай бригадир, қырманға келсе бастық, қырықтыққа барса — меңгеруші, ең аяғы шопанға көмекші болса, завхоз боп қылқиып тұрады. Миығында сол күлкісі. Аузында мысқыл, ажуа.
«Осы сенен келген керді көріп алайын» деп Көктембайды сабамақ та еді, онысы әурешілік боп, жандайшап, айтаққа еретін әулекі жігіттерден таяқ жеп, жұртқа мазақ болған. Бір кездегі бригадир Көктембай шөпші, қырманшы, сауыншы емес, енді орталыққа көшіп, бүкіл совхозға, ауылға ықпалын жүргізді. Соның бәрін Алпыспай Көктембайдың есепшіл, айлакер, арамдығынан деп біледі. Сол арам, ата жауындай атысып келген Көктембай енді мұның ұлына, Сембегіне ауыз салмақ. Жоқ, бола қоймас. Бала менікі. «Мына қолыммен зорлық қылсам да, Көктембайдың қызын алдырмаймын» деп селкілдеген Алпыспай ат үстінде кәрі бурадай шабынып, ашудан жын буғандай қалш-қалш етті. Орталыққа түнделетіп жетіп, кәрі досы пеш қалаушы Доланның үйіне қонып шығып, таңертеңінде өрт сөндіргендей болып кеңсеге келді. Сембек түпкі бөлмеде терезені ашып қойып қағаз қарап отыр екен.
— Көке, қайдан жүрсіз?—деп әкесін құшақтай алды. Қолын алып, орындық беріп: — Неге көңілсізсіз, көке, бір жеріңіз ауырып жүрген жоқ па? — деп сұрады.
— Менің ауруым сендерсіңдер, — деді шал қитығып. — Айт шыныңды, не сөз ол. Көктембайдың қызын алады деген. Егер шын алатын болсаң, өз қолыммен, — Алпыспай ызадан қалш-қалш еткенде, сығымдап тұрған тобылғы сапты қамшысы ортасынан шарт сынды.
— Көке, ол бекер әңгіме ғой, — деді Сембек ыңғайсыз күліп. Тізерлеп тұрып жауап күткен Алпыспай одан әрі шыдамай, қорлана, еңіреп жылап жіберді. Кәрі кеудесіне сыймаған өмір бойы қорлық, зәбір, жапа, кемсіту бір-ақ сәтте көз жасымен бірге төгілгендей.
Әкесінің Сембек түсінбейтін мінездері көп. Бірақ ’’Көке, мұның ерсі’’ демейтін. Сембек орнынан ұшып тұрып, әкесін қолтықтап әкеп жұмсақ орындыққа отырғызды. Графиннен су құйып ішкізді.
— Мұныңыз не, көке? — деді. — Жай айтсаң да түсінуге болады ғой. Шал қайта қитықты, орнынан ұшып тұрып.
— Керек емес жайлап айтқаның. Сен үйтіп-бүйтіп алдап-сулаймын деме. Білем мен Көктембайды. Есінде болсын: Көктембай — Көктембайлығын істесе, Алпыспай — Алпыспайлығын істейді. Ешкімге шамам келмесе де, дәл өзімнің балама шамам келеді, — деп жылап тұрған шал өксіп-өксіп жіберіп, орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
— Енді сені осылай жеңбек. Өмір бойы ол мені қорлап келді. Кемсітіп, ізімді аңдып, ақшамды қиып, ақымды жеп. Ал сен болсаң… Ал сен болсаң.
Сембек әкесін зорға жұбатып, уәде беріп, жеңіл мәшинемен түс ауа фермеге өзі әкеп салған. Байлаулы қалған кер атты жолаушылап барғандар мініп қайтты. Елде бұл кезде жекешелендіру жүріп жатты. Үкіметтің бұл саясаты ерте ме, кеш пе Айыртауға да жететінін Сембек іштей сезді. Қоңыртөбел тірлігі бар өмір бойы бейнет кешкен әкесінің ішінде осыншалық мол запырын барын ойламап еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter