Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  239


Автор: Келіс Рахымжанов

Қимас жанға тірлігінде балаған

Қимас жанға тірлігінде балаған
Бөтен емес мені өзім деп санаған.
Қоштасқанда, табысқанда сағынып
Маған өлең жаз демепті жан анам.

Айтылған сөз көкейінде тұратын
Жандар көп-ау ұқпайтын да, ұғатын.
Адамдарды түсінсем деп ойлаудан
Болмапты ғой менің басқа мұратым.

Қайтқанымша бұл өмірлік сапардан
Көрдім бәрін қалмай жүріп қатардан.
Күндерімді қайтып барам орталап
Жолдарыммен қия-құзға апарған.

Талайларға ұнамаған-ұнаған
Жер бетінде жүрді осылай бір адам.
Төзіп бақты сан иттікке түрімен
Тағдырының талқысына шыдаған.

Айнала жұрт ұқсын мейлі, ұқпасын
Нықтай алса қадамдарын нықтасын.
Азапты өмір сүрмеу үшін адамдар
Ақымақпен алыс жолға шықпасын.

Қысқа өмірде осыны ұқтым, соны ұқтым
Талай-талай ақылдымен жолықтым.
Талай-талай ақымақпен жолықтым.
Жүрген сайын алға тарта беретін
Қысқа өмірді бітпейтіндей көріппін.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу