Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  224


Автор: Келіс Рахымжанов

Бәрі де аян өмірге не бергенім

Бәрі де аян өмірге не бергенім
Көктегенім, қуарған, көгергенім.
Алып Отан аяулым сен болмасаң
Көресіні басқадан көрер ме едім.

Бәрі де аян шыр етіп көз ашқаным
Бала болып болмасқа таласқаным.
Есім кіріп, ел біліп, азамат боп
Бақыт бер деп тағдырға бал ашқаным.

Анам мені мәпелеп аялаған
Туған Отан бағыңда саялағам.
Отаным да, анам да, ауылым да
Баласы үшін түгін де аямаған.

Бәрі сенде отаным болсын деді
Дүниені көз берді көрсін деді.
Алдамайтын өмірде сенім беріп
Өзгелерге өзіндей сенсін деді.

Арай көріп жүзінен анам дедім
Өкпем болмас о өмір саған менің.
Тауға шығып самалға бетті тосып
Сыбағамды өмірден алам дедім.

Жігер берді сол шақта отан маған.
Бақыт берді байлық пен қатарлаған.
Тарихына телегей бойлаймын деп
Толғанғанда төсекте жата алмағам.

Сөз алғанда отан деп мінбелерден
Тілегімді түйткілсіз тілге бергем.
Түн баласы төсектен шошып тұрам
Тарихты ойлап атасы тілден өлген.

Мен кім болам отаным тілім өлсе
Су қараңғы аспанда күнім өлсе
Күн сөнгенше отаным сен тұра бер
Мен жырлаймын тілім деп тілім келсе.

Үн естимін ыңырсып апалаған.
Суға шөлдеп бір тамшы қаталаған.
Әлсіз дауыс сол сен ғой мұңын шағып
Тілге зар боп жылаған отан анам.

Артқа салған ардагер сан ғасырды
Асыл тілім білемін тозбасыңды.
Тайраңдаған тексізден арашалап
Сүрткім келеді өлеңмен көз жасыңды



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу