Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  144


Автор: Келіс Рахымжанов

Айтылмаған сыр қалмастай көрінген

Айтылмаған сыр қалмастай көрінген
Серт қылғандай сенімі мол көңілден.
Жүрекжарды достығымыз үшін де
Басқалардан биік қоям сені мен.

Сезімі асыл сенімі мол жан болсаң
Өмір қызық достар жайлы толғансаң.
Қиын күнде қатерге де бас тігіп
Қиналасың достың сырын аңғарсаң.

Көп ішінен түсініскен септескен
Дос тапсам деп сүйеніскен серттескен.
Ескі достар майдангерге ұқсайды
Денелерін шұрық-шұрық оқ тескен.

Достар барда құшақтасқан қолдасқан
Жат күдікті ойыңа да алмастан.
Ортасында ойнап-күліп жүресің
Өзге жаққа көзіңді де салмастан.

Өзге ұқпаса досың ұғар сырыңды
Сол түсінер жат ұқпаған мұңыңды.
Қиындыққа тап келгенде досты іздеп
Табысасың бірің аңсап біріңді.

Қымбат тұтқан жақыныңдай дос сенің
Мәлім оған жанғаның да өшкенің.
Досың биік мәртебеге жетсе егер
Сенің-дағы бір асудан өткенің.

Досыңа арна шын жүректен сый берсең
Ризасың разы ғып үлгерсең.
Шынайы дос қолдап жүрер бір-бірін
Бұл өмірдің қысқа екенін білген соң.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу