Өлеңдер ✍️

  28.10.2021
  244


Автор: Келіс Рахымжанов

Кешір мені қарындасым сүйкімді

Кешір мені қарындасым сүйкімді
Ренжітсем өзің жайлы жыр жазбай.
Көңілімде ойнап тұрар күй түрлі
Мына өмірдің ойландырар сыры аздай.

Кешір мені қарындасым сол үшін
Берсін саған өмір тәтті жемісін.
Көгершіндей көңіліңді көтер де
Қызықташы көріп өмір жеңісін.

Жақын тұрған шын бақыттың бары анық
Солған гүлдер қайта өнгенде жаңарып.
Көп ұзамай көктем келер далаға
Аспаныңнан айың туар ағарып.

Жұлдыздарға қарауды сен ұмытпа
Түнгі аспанды таң атқанша қызықта.
Танып тұрған жұлдызыңнан жаңылмай
Сүйгеніңді есіңе алып ұйықта.

Ерке едің ғой жүрші солай еркелеп
Жүзіңді мұң торламасын ертерек.
Құрбыларың айта жүрсін өзіңді
Ерке біздің ерке еді ғой, ерке деп.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу