Өлеңдер ✍️

  27.10.2021
  375


Автор: Абзал Бөкен

Ой-әуре

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда»
(Абай)

Мен де ойлы едім,
Маған да қызық болмай,
Үмітінде өмірдің үзік бардай.
Сәтті бола бермеді біз күткендей,
Тәтті бола бермеді біз ұққандай.

Анау емес,
Мағжан аға мына,
Деген: «Өмір – абақты саналыға».
Саналы боп сандалдық.
Сан қызықты
санап беріп санасы шамалыға.

Абай, Мағжан халқым, – деп қан жылаған,
Мал құрамай, ақыл мен ар құраған.
Арлыға да қызық жоқ.
Бар болса егер,
Ақын болмай, болар ед малды надан.

Не жетпеді соларға,
Дүр, – дегізіп
алып жүрген жаңылмай жүлдені үзіп.
Ал, бүгіннің не малы, не ары жоқ
аусарына күнде той,
күнде қызық.

Тұлпар-ойдың түзеген тағасын сан,
Тектілердің ісінен табасың сән.
«Ойлы адамға қызық жоқ...»
Әкең болыс,
Әкең, тіпті, болса да аға сұлтан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу