Өлеңдер ✍️

  26.10.2021
  620


Автор: Ринат Зайытов

Ит сөзі

Түрім ұқсас жаралса да қасқырмен,


Ит боп жүрмін кездерімнен ес білген.


Үрем, қабам, тырнаймын мен ойланбай, 


Араздассаң, маған тамақ берген тақсырмен.


 


Өзім жайлы айтар болсам, қысқаша:


Жұмысыма жұмсамаймын күшті аса.


Тамағым тоқ. Үйшік. Шынжыр. Қарғыбау,


Қожайын көп босатпайды, әлдеқандай жағдайлары қыспаса.


 


Кім ол, кім ол шықпақ болған шеруге,


Дәті барған тақсырыма қарсы келуге.


Қожайынға адал болу – менің менің ұлы міндетім.


Жақындап көр, дайын болсаң өлуге.


 


Қане, қане қайсың, жедел қанға бояйын,


Талап, жұлып, көздеріңді жояйын.


Қожайыным айтақтаса, "кемпір мен шал, екі қабат қатын" деп


Аямаймын, бірден айтып қояйын.


 


Кейбіреуге жақпаса да қылығым,


Жалау парыз – қожайынның аяғын,


Иіскеу парыз – шұлығын.


Туыс та жоқ, досым да жоқ жалғанда, 


Мен итпін ғой, қызметтің құлымын.


Бірақ менің қожайыным біртүрлі,


Ұнатады атақ, мәнсап, жылтырды,


Ұнатады зәулім сарай, сылқымды.


Жақында біреуі ұл туды...


Әрбір сөзі бір әдеби туынды, 


Ұнатады тәтті тағам суыңды.


Негізі оны біз де жақсы көреміз,


Бірақ біздің жейтініміз жуынды.


 


Сонда да оны қорғаймын мен, кездессе де жолдан оқ.


Бұйырсын ол: айтақ, оңға, солға деп.


"Жуындыға құл болдың" деп жазғырғандар жазғырсын, 


Кейбіреуде ол да жоқ. 


 


Маңызды емес, заңның ақ пен қарасы.


Ал мен өстіп күн кешемін шамасы.


Өзім – итпін, балам – иттің баласы,


Ал ата-анам – иттің ата-анасы.


 


Жетер енді, несіне сөзді созайын,


Бұл – әншейін ит пікірім, өз ойым.


Тақсырыма адал болу – жеті атамнан аманат,


Сен аман бол, қожайын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу