Өлеңдер ✍️
Әке қабірін іздеу
Қабіріңді мен сенің таба алмадым,
Қанатынан қайрылды-ау тағы арманым.
Алыс-жақын маңайға жаутаң қағып,
Жас ірікті кірпікке жанарларым.
Қабіріңді мен сенің таба алмадым,
Енді маған кім айтар не амал барын?
Жамыратып жасымды қозыдайын
Алыс-жақын жерлерге алаңдадым.
Алыс-жақын жерлерді шалды көзім.
Жадау-жүдеу жапанда – жалғыз өзім.
Батар күннің қанқызыл жалқынына
Жабағы бұлт көнетоз малды бөзін...
Алыс-жақын маңайдың бəрі – ғайып!
Қорымжайдың қойыны – жарық, ойық.
Жан əкейдің қабірін таппаған соң
Жапан түзде жыламай нағылайық.
Жапан түзде жыладым ебіл-дебіл,
Орындалмай ойдағым, көңілдегім.
Тиянақсыз, тынымсыз тіршіліктен
Жерінгенім бұл, бəлкім, жеңілгенім...
Қоңыр желең жамылып кеш келеді.
Қоңырайып төңірек сестенеді.
Жер көрпесін жамылып жатыр үнсіз
Төмпешіктер елемей ештеңені.
Қорымжайда кім қалар түнемелге?
Түңілгенде не дермін түмен елге?
«Əкесі жоқ жетім, – деп, – жер бетінде»
Мойыныма, ей, тағдыр, міне берме!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter