Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  251


Автор: Исраил Сапарбай

Айна алдындағы ару

Сүймеген əлі ешкім де қаймақ ернін,
Түспеген уысына майдагердің,
Ажары айдың үзік сəулесіндей,
Апырай, хас сұлуды қайда көрдім?
...Есімде, Шопан үйі. Оңаша маң,
Қаратау қойнауына қора салған.
От басы, ошақ қасы тіршілікте
Алыстау айқайжолдан, тамашадан...
Есімде, қаба сақал аға шопан,
Болмысы болмашыға балаша таң.
Тауға өрлеп баратқандай көрінетін
алыстан қарағанда қараша там.
Есімде, сол бір үйді дəл тапқаным,
Жаюлы дастарқаннан дəм татқаным.
Ақшамда көзім шалған
ару қыздың
бұрымын айна алдында тарқатқанын.
Сұлуды көзім шалып бұрымды өрген
Бейіштің секілденгем гүлін көрген.
Есіктен елте қарап қалған маған
Елік қыз жанарының нұрын берген.
Құдықтай тұнық суы тартылмаған
Жеткенде жəудір көзден жарқыл маған,
Ару қыз айна алдынан ғайып болған
Аш белі сəмбі талдай солқылдаған.
Қалғандай өң мен түстің арасында,
Жанымның аршып алғам жарасын да.
Имандай бір ибалық бар секілді
Қаракөз қарындастың қарасында.
Келіп ем əкесінде «ісім» болып,
Балқыдым бала қаздай құсын көріп.
Дүние көз алдымда мың құбылды
Заматта таңғажайып мүсінденіп.
Шерте алмай,
Келтіре алмай шек бұрауын
Амалсыз ауыз үйге бет бұрамын.
Көрінеу көзсіз, ессіз көбелектей
Өзімді өзім келіп өртке ұрамын.
Өзімді өзім келіп өртке соғам,
Жетпестен кеудемдегі дертке шамам.
...Алаңсыз Отағасы шай ұрттайды,
Адамдай үндемеуге серт жасаған.
«Толықсып,
Тола балқып Ай – дидары
Ару қыз келмей ме екен шай құйғалы?»
Дəркүмəн, дəмекөңіл дамыл таппай
Жанымды əй қинады, əй қинады...
Келмеді,
Келмеді қыз шай құйғалы,
Салиха сымбатына сай дидары.
Екі көз есік жаққа елең қағып,
Отырмын тағатымнан айрылғалы.
Білмеймін, шоқ түсті ме жанға мына,
Кірісер шақ туғанда жол қамына,
Жүрегім жанталаса бір бұлқынды
Балықтай түскен жазмыш қармағына.
Қалды артта шопан үйі,
Қалды бəрі:
базары,
тіршіліктің бал думаны...
...Ілулі ауыз үйде айна көрсем,
Жадымда қыз елесі жаңғырады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу