Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  129


Автор: Исраил Сапарбай

Көлгiрсiген көп түндей

Көлгiрсiген көп түндей
Көңiлi ала күздiң де.
Хабарласпай кеттiң ғой,
Менен күдер үздiң бе?
Сақинасыз саусақтай
Сəмбiталдың келбетi.
Көзден тамған моншақтай
Монтияды көл бетi.
Қылығыңа сүйкiмдi
Қызығатын қыз бiткен,
Əнiң қайда сиқырлы?
Үнiң қайда үздiккен?
Таба алмастан бабыңды
Дəмiн таттым тəттi удың.
Шымшылайды жанымды
Сыңсығаны аққудың.
Күлдiрiп те жылатқан
Қай сөзiңе сенейiн?
Жалғыз сенi ұнатқан
Жазмышыма не дейiн?..
Кiр шалмаған айдындай
Кiрпiкке жас тiздiң бе?..
Хабарласпай қойдың ғой,
Менен үмiт үздiң бе?



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу