Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  165


Автор: Исраил Сапарбай

Елтiнжалдан елпiлдеп ескен лептей

Елтiнжалдан елпiлдеп ескен лептей,
Енжайлауда желкiлдеп өскен көктей
Елп еткенiн қайтейiн етегiңнiң,
Естен кетпей қойдың-ау, естен кетпей!..
Көк пен жердiң аралап көрiктi елiн,
Ана сүтiн еркелеп емiп пе едiң?
Баянтаудың басынан баян таппай,
Қыз Жiбектiң жұртынан келiп пе едiң?
Сендей жанды қияды бөтенге кiм?
Құстай ұшып жаныңа жетер ме едiм –
Көкмұнардың iшiнен көлең қағып,
Ақмұнарға айналған көкем менiң.
Перiштем-ау,
Кiрпiгiн алтындаған,
Хан қызындай ұнайды қалпың маған.
Омар Һайам бiр кезде ұрттап iшкен
Кеседегi аумайсың бал тұнбадан.
Кеседегi ұрттайтын бал тұнбаны
Сал-серiдей саламат салтым кəнi?
Саршатамыз шiлденiң шiлiңгiрi
Саратанда мүмкiн бе салқындауы?!
Қандай жансың, қарғам-ау, қандай жансың?
Кiмдi күтiп, кiмдi iздеп сарғайғансың?
Менiң құлқым құлады құзырыңа,
Сенiң ұйқың менi ойлап қанбай қалсын!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу