Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  175


Автор: Исраил Сапарбай

Ақ иықтан басталатын ақ бiлек

«Ақ иықтан басталатын ақ бiлек...»
Артығали

Ақ иықтан басталатын ақ бiлек
Базына айтты: «Басың маған батты» деп.
Қыздың елi ертегiдей ен жайлау,
Қыздың лебi қымыздан да тəттiрек!
Қыздың назы – тəндi ерiтер тəттi у-бал,
Тамсанғанға тамшысын да таттырман!
Қандай сезiм Айнамкөздiң, құдай-ау,
Қайқы қара кiрпiктерiн қақтырған?
Қыз қылығы қытықтайды ындынды,
Күйдiргiнiң күлкiсi де сыңғырлы!
Бұлыңғыр түс...
Бұлдыр-бұлдыр елестей
Қалай ғана ұмытарсың бұл күндi?!
Ақ иықтан қап-қара түн сырғиды,
Қара түнге саусақтарым сүңгидi.
Ақ бəденнiң белден бергi бедерi
Бейнелейдi беткей менен ылдиды...
Ақ иықтан басталатын ақ бiлек
Талаурады: «Таң қалай тез атты?..» деп.
...Ақбоз үйдiң түндiгiнен түрiлген
Əлде қайда көшiп бара жатты көк...



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу