Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  139


Автор: Исраил Сапарбай

Түс

Жұлдызға төсеп кеудемдi,
Тiлдесiп көкпен көңiл күй,
Ынтызар, ыстық бейнеңдi
Түсiмде көрем мен ылғи:
…Желбiреп əппақ желеңiң,
Өзiңмен жерге Ай қонар.
Өзегi талған өлеңiм,
Өлiп те өшiп аймалар.
Қайдан да келдiң деместен,
Манаурап жатқан масаңдай:
Танармын əбден мен естен
Көзiмдi жұмған аша алмай.
Шашымнан сипар жел лебi,
Мойныма тұмар тағардай…
Бесiкке бөлер жер менi
Бейнеткеш марқұм анамдай.
Дертiне дауа денемнiң –
Шашбаулы жаздың шалғыны-ай!
Аузында айдай əлемнiң:
«Əлди де əлди, əлди-ай…»
Татқызған дəмiн шербеттiң
Атқанша ақ таң қалғымай
Аузында күллi жер-көктiң:
«Əлди де əлди, əлди-ай…»
Жатармын марғау халде мен
Маза алған мəйден масаңдай, –
Жай тауып бiр сəт жан-денем,
Көзiмдi жұмған аша алмай.
Лəззатың,
Күлкiң…
Бəрi есте,
Не шара у-зəр iшкенмен?
Жүрегiм – құйттай нəресте
Кеудемде жатып түс көрген.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу