Өлеңдер ✍️
Өзiң жақтан келмедi-ау жылы хабар
Өзiң жақтан келмедi-ау жылы хабар,
Көшкен күннiң көңiлде мұңы қалар.
Жеттi ме екен түбiңе, кiм бiледi,
Жын жасырған iшiне Құмыралар…
Көктем келсе жер түгiл көкте гүлдер,
Көрiктi гүл кiмдерге көп көрiнер?!
Жеттi ме екен түбiңе, кiм бiледi,
Желге мiнiп желiккен Жетпегiрлер?..
Көз аяма тығылып жас тұрғалы
Жан жабырқап, көбейдi шаштың қары.
Жеттi ме екен түбiңе, кiм бiледi,
Қара ниет заманның Қасқырлары…
Қайыр, мейiр барында нан табылар,
Қайғы кешсе, қаракөз қалқа жылар.
Жеттi ме екен түбiңе, кiм бiледi,
Қара басын қамдаған Қалталылар…
Дүниенiң меңгерген жетi өнерiн
Желiп жүрген жайлауда бөкен едiң.
Жеттi ме екен түбiңе, кiм бiледi,
Бiрi дөкей, бiрi дөй Көкелерiң…
Жаратқанның ұмытқан Ұлы Заңын
«Ұлықтардың» бiрi қу, бiрi залым.
«Жазым бастым, кеше гөр, аға…» деген
Жалғыз ауыз сөзiңе ризамын.
Тумай жатып жаңылған тобасынан
Кiмнiң кiмге бүгiнде жаны ашыған?
…Жетi түнде түзеймiн желкенiмдi,
Ай көрiнсе бұлттың арасынан.
Өзiң жақтан келмедi-ау жайлы хабар,
Алақұйын күндердi ай қуалар.
Сен дегенiм – сергелдең Сезiмiм де,
Ай дегенiм – лə-макан Лəйлi болар…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter