Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  260


Автор: Дәркен Танабаев

ШЫМКЕНТ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ

Адам үшін Зевстен от ұрлаған,
Елес беріп Прометей отыр маған.
Тіршіліктің тірегі алау жанып,
Қазығұртқа асылып жатыр далам.
Алып зауыт тынымсыз гүрілдеген,
Бу бұрқырап ырсылы үзілмеген.
Мұнаралар тұрғандай көкті тіреп,
Жерді мейлі, аспанда, ай дірілдеген.
Бейнетқор ел орысың, қазағың да,
Тыным таппай еңбектің алабында.
Қара майдың қаймағын сүзіп жатыр,
Қара алтын қайнаған қазанында.
Ұлы тірлік қойғандай күрестіріп,
Темір көлік жүрмеді сірестіріп.
Қаны кеуіп қалыпты жүрегінде,
Жіберіңдер жанармай үлестіріп.
Жаңа заман жағдайға желіктіріп,
Темір тұлпар тартады еліктіріп.
Бұл тірліктің жүз тарау машақаты,
Көрген емес бір сәтке зеріктіріп.
Келдің бізге қара алтын жарық болып,
Көлік болып, тамақ та, нарық болып.
Сенің арқаң жер ана, қара мұнай,
Өмір сүріп жатқаным қарық болып.
Талай адам зауытта тер төгуде,
Олимпия алауы өртенуде.
Қара алтынның қаймағын сапыра бер,
Қазақ елі өзіңмен көркеюде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу