Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  238


Автор: Исраил Сапарбай

Шұғылажан

(Қытайдан келген бишi қарындасқа)

Елжiреп ескен желдей Құбыладан
Еркiмнен айырдың-ау, Шұғылажан.
Жел керген желбегейiн желқайықтай
Желпiнiп сала бердi-ау бүгiн ағаң!
Көркiңдi көк тəңiрi мүсiндеген
Көрсем-ау тым болмаса түсiмде мен...
Көзiңнiң, тұнығын-ай, тұнжырын-ай,
Шараптай кеседегi iшiлмеген.
Жастыққа тимей жүрген жар құлағы
Мен едiм алты алаштың арғымағы.
Шынымен арулардың елi екен ғой
Алтайдың бiз көрмеген арғы жағы!
Бiлсем де бұл жүрекке ем жоғына
Кеудемдi ашқым келдi кең жарыла.
Ағаңды ақ тұманда адастырып,
Сен де ұшып кетесiң-ау ел жағыңа.
Ай нұры дiрiлдеген келбетiңде
Аққусыз айналмай ма көл жетiмге.
Хабарын жел ғана айтар қарағым-ай,
Қайтейiн, аман жүршi жер бетiнде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу