Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  130


Автор: Исраил Сапарбай

Үкілі әнші

Үкi емес, тақияңа бұлт қонғандай,
Арбалып əуезiңе жұрт қалғандай.
Һаронның ханшалары қасыңа ерiп,
Һайямның бал шарабы ұртталғандай...
Қара шаш секiлденiп қап-қара түн,
Жайғандай айдынға аққу ақ қанатын.
Аһ ұрып арман-дүние, жалған-дүние,
Жалт берiп дəл осылай жоқ болатын.
Жəудiр көз, ұзын кiрпiк, қара қастым,
Қай жаққа жүрегiмдi ала қаштың?
Айдыннан əуеге ұшып ғайыптайын
Əп-сəтте ақ сағымға араластың.
Жаратқан жұлдыз жағып маңдайыңа,
Жарасар бүрме көйлек тал бойыңа.
Жанарды жаутаң-жаутаң тастайсың кеп,
Таң алды бұлбұл қонып таңдайыңа.
Ақ жүзiң елестетiп толған Айды,
Бал сезiм саусағыңнан сорғалайды.
Жазмыштан, жазатайым жат көзiнен
Қызғыштай жаным сенi қорғалайды.
Шырқалған əлсiн-əлсiн əнiң қандай?!
Алқынар əппақ төсiң дамыл болмай.
Тiлегiм тiл ұшына келiп-кетiп,
Жүрегiм жүрiсiнен жаңылғандай!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу