Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  247


Автор: Мерген Тоқсанбай

"Ботам" дегім келеді құлағыңа...

"Ботам" дегім келеді құлағыңа...
"Ботам" деймін... дауысым ұнады ма?
Анау айдан ақ сәуле құлады да,
Омырауыңа өлең боп тұнады да,

Менің отты ерніммен оқылады...
Аққудағы сұлулық, тотыдағы
Саған қонып, жүректі ток ұрады,
Сені көріп төзімім тоқырады...

"Ботам" дегім келеді сүйіп, құшып,
"Ботам" деймін... өртеніп, күйіп, ысып,
Көл бетіндей көңілің толқып, шалқып,
Ерініңнен балшарап құйып ішіп,

Көздеріңдей мөлдіреп аспан анау,
Шашып-төгіп жұлдызын тастаған-ау...
Жұлдыз ба, әлде? Үзілген түймең бе екен?
Әй, осы мен мас бола бастағам-ау...

Саусақтарың... тәнімді жалап өткен,
Шоқ басқандай күйдіріп далап өпкен,
Ақыл-естен айрылып "Ботам..." деймін,
"Ботам" десем... күй кешем ғаламат мен!
Жүз қайталап атыңды, мың қайырып,
"Ботам" дегім келеді махаббатпен!
"Ботам" деймін...
...таң атып барады әттең.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу