Өлеңдер ✍️
КҮЗ
Қылығын қайта бастады,
Арсыз жел жігіт желіккен.
Көтеріп шаңды тастады,
Әдеті еді еріккен.
Сорына нәзік қыз қайың,
Жайқалған көлді сағалай.
Сары алтын сүйрік өн бойы,
Көрінер көзге даралай.
Сезімнен ыстық нәр алған,
Аңсарын күтіп қалған ба?
Күтеді қайың бұралған,
Күн нұрын мына жалғанда.
Зымырап келді қасына,
Желпілдек желдің баласы.
Жұлқылап жатыр басына,
Көйлегін шәйі қарашы.
Икемсіз қалған денесін,
Сары алтын шашы жабады.
Қолдары кетті ербеңдеп,
Бұралып белі барады.
Қорғансыз нәзік қайыңның,
Қарамай сұлу көркіне.
Жалаңаш әсем тал бойын,
Көндірмек болды еркіне.
Дәтің де берік екен-ау,
Нәзіктің мынау тастайын.
Басынған сайын бұзық жел,
Долданып бақты жас қайың.
Амалы бітіп ақыры,
Ентігіп әзер тоқтады.
Жас ару шашы жалбырап,
Сүйгенін ұзақ жоқтады.
Қызымды сен бе жылатқан,
Естілді көктен қатал үн.
Кәрі аяз келді боратқан,
Бүркеді аппақ шапанын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter