Өлеңдер ✍️
АУЫЛЫМ
Болмысымның арқа сүйер асқары,
Өмірімнің жазылмаған дастаны.
Балғын күндер балалықтың куәсі,
Жанарымда ауылымның аспаны.
Жанай қонған Қазығұрттың сауырын,
Көріп пе едің, құлан жонды бауырын.
Сол арада мен ержеткен шаңырақ,
Әңгірата менің ғажап ауылым.
Бозара кеп шұғыла таң атқанда,
Ауыл тегіс тәтті ұйқыда жатқанда.
Қырсық қораз жыртқан кезде көмейін,
Құс атаулы ән салады ақ таңда.
Өркеш-өркеш жоталарға шашырап,
Күн жебесі қадалады жарқырап.
Нұрын шашып кең далаға төнгенде,
Ләззат алып оянады атырап.
Ұқсамайтын мекеніне өзгенің,
Момын ауыл алып жатар өз демін.
Осы ауылдың жал қыры мен бел сайын,
Шыбық атпен жалаң аяқ кезгенмін.
Осы жерде алғаш қадам басқанмын,
Топырағын уыстап ап шашқанмын.
Алғашқы рет «Ана» дедім, «Жер» дедім,
Ажыраттым асқары мен аспанын.
Біздің ауыл отыз үйлі шаңырақ,
Мәре-сәре жүретінбіз жамырап.
Кеудемізде көктем гүлдеп тұрғандай,
Көрінетін шуақтанып жадырап.
Анам менің қызу еңбек ішінде,
Ол кездері қайратын да, күшінде.
Су тасыған көкшіл гүлді көйлекпен,
Елестетем, кейде көрем түсімде.
Ертеменен қара қазан көтеріп,
Жүретін ед көк түтінге жөтеліп.
Қанға сінген күнделікті тірлігін,
Жалғап жатар әдеттенген еті өліп.
Бұл ісімді парызым деп санаймын.
Алмас күнге сәлем беріп қараймын.
Қазығұртқа бас иемін пір тұтып,
Тәңір берген бақытыма балаймын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter