Өлеңдер ✍️
Тірлік
Тірлік, тірлік деп алданып жүргенде,
Өлең досым, көрінбейсің іргемде.
Жан досымдай өзің іздеп келуші ең,
Мені тастап кеттің енді кімдерге.
Көңіл-күйім өзгереді бір демде,
Келуші едің қайғырғанда, күлгенде.
Ғашық қыздай мазамды алып қоймаушы ең,
Кеудемді өртеп көз ілмеген түндерде.
Туған елден кеткенімде жыраққа,
Арманымдай жетеледің мұратқа.
Сағыныш боп жүрегіме енуші ең,
Көріспеген ғашық жандай бір апта.
Жаным қандай тұнық еді ол кезде,
Бәрі әсем көрінетін сын көзге.
Қандай аңғал нәзік едің жүрегім,
Жалған айтқан келіспеуші ең бір сөзге.
Жүрегімнен жыр тулайтын өріліп,
Мұңлы жаным күрсінетін егіліп.
Шимақталып ақ параққа тізілген,
Жыр шумақтар жатушы еді төгіліп.
Қоясың-ау маған таудай талапты,
Мұндай күйді кім өзіне қалапты.
Барлығын да түсін дейсің, ұқ дейсің,
Қол байлаулы мен өзіме абақты.
Сен бар жерде жамандықтың жоқ дәні,
Шарықтаған шабыт құстың гүл бағы.
Поэзия, асқар шыңдай биіксің,
Жалауымдай желбіретем жоғары.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter