Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  152


Автор: Дәркен Танабаев

Ғасырларды ығыстырып....

Ғасырларды ығыстырып жолынан,
Дөңгеленер дүние тірлік соңынан.
Жүйрік уақыт шаң қаптырған тұлпардай,
Ұстап қалу келер емес қолымнан.
Күн құлады, түн де келді орнымен,
Жұлдыздарды жағып жүр өз жолымен.
Ұйқы деген жанға жайлы перінің,
Құшағына кіріп алып керілем.
Таң бозара, күн нұрланар күлімдеп,
Ұйқы пері жібермейді гүлім деп.
Оттай ыстық құшағында балқимын,
Оятпашы деп айтамын күбірлеп.
Түн сұлуым алтын нұрдан қашады,
Кірпігіме жасырынар қашанғы.
Таңғы шықпен шағылысқан ғажайып,
Жанарыма нұрлы сәуле шашады.
Көзім түсер көкжиекке көк белге,
Керуен бұлттар тауға түнеп шөккен бе?
Алатаудың бар белесі гүлденген,
Жаннат бағын еске салар көктемде.
Қандай ғажап тіршілік-ау қыз қылық,
Сағымдайын жеткізбейсің жұлқынып.
Сылаң қаққан ару қыздай арбайсың,
Алаулаған жастық барад бұлқынып.
Өтіп жатыр көзді ашып жұмғанша,
Өтті көктем, қыс пен жазым, күз қанша,
Бұл тіршілік-бір қуаныш, бір қайғы,
Ол да өтер мен өмірді ұққанша.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу