Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  212


Автор: Дәркен Танабаев

Түнгі көктем.

Түнгі көктем. Байыз табар тіршілік,
Қайың, терек тербеледі күрсініп.
Жаңа ғана бүр жарғандай өркені,
Тұрғандай бір шоқ сезімге тұншығып.
Қала мүлгіп, түн құшағын ашады,
Таныс көше. Шамдар сәуле шашады.
Күрсінгендей Алматының аспаны,
Тау самалы қоңыр салқын қашанғы.
Қайта барсам үміт оты жанардай,
Таң ғажайып бір керемет болардай.
Қара түнім алмасардай күнменен,
Бүрленердей қурап қалған қарағай.
Екі сезім тайталасар кеудемде,
Жағаласып алысады бір демде.
Екеуі де бұйырады басынып,
Шамам оған жетер емес «қой» деуге.
Өз-өзіммен жүрмін қалқам, алысып,
Бірі саған жол бастаса жарысып.
Екіншісі тіреп қояр тұйыққа,
Оңайлықпен көрген емес табысып.
Екі сезім шаршады ма, білмедім,
Бірі-үнсіз, екіншісі күлмеді.
Ғашықпын деп айтқан еді біреуі,
Екіншісі үнсіз ғана «жүр» деді.
Пенде шіркін тойған ба екен қызыққа,
Тағдыр жолын бізге солай сызыппа.
Қалқам менің, түсінсеңші жанымды,
Ғашық жанды қинай беру қызықпа.
Әмір солай келген еді жүректен,
Сен дегенде тағат таппай шыр еткен.
Құстай ұшып келіп тұрмын өзіңе,
Табысайық деген іңкәр тілекпен.
Маған таныс құрбыларың қасыңда,
Тіл күрмеліп, жүрек сыздар расында.
Сен деп соққан жүрегімнің лүпілін,
Хатқа салдым, қалқам, мені ұғасың ба?
Ғажап күлкің нұр беріп тұр маңайға,
Бар ойымды бөліп кетті алайда.
Сол күлкіңнен шаттық күйін сезіндім.
Сол бір сәтті ұғу болды қалайда.
Көптен бері кездескенім осы еді,
Қайта гүлдеп үмітімнің көсегі.
Ғашықтардай сағынысып көріскен,
Саябақты еске салды кешегі.
Сүйкімді едің, тәкаппар ең, өр едің,
Таба алмадым жүрегіңнің бір емін.
Тек санамда қалды жалғыз шат күлкің,
Неге келдің, неге кеттің демедің.
Әсем күлкің мәңгі болсын аяулым,
Гүл жүзіне тағдыр салма қаяу мұң.
Шын бақытын тапса өмір жолынан,
Күнін кешіп кете берем жаяудың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу