Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  162


Автор: Исраил Сапарбай

Қаралы бойжеткен

Өрте, мейлi,
Отқа сал.
Жандыр, мейлi,
Қапастағы қайғысын жан бiлмейдi!
Өз ойымен алысып, арпалысып,
Кей түндерi ұйқысын таңға iлмейдi.
Iшер едi (у болса) арманды езiп.
Бiр-ақ күнде бəрiнен болған безiп.
Қияметке кеткiсi келер кейде
Дала кезiп,
Тау кезiп,
Орман кезiп...
Жараспай жүр көңiлдiң қошы көппен,
Көктем ерте көгiнен көшiп өткен...
О, өмiр-ай, өмiр-ай, қасiрет пе ең,
Он сегiзге жеткiзбей жесiр еткен?!
Ата-анасы дəркүмəн ұқпай мұны,
Кiрпiгiнде мөлтiлдеп шықтай мұңы..,
Орамалдан үлбiрек мүлде бөлек
Орап алған басына шыт – қайғыны.
Таразының басындай ауытқыған
Қайғылы жан – өзiне қауiптi жан!
Отырмайды бүгiнде тойда шалқып,
Шақырмайды шадыман сауық-думан.
Сөгiлгелi көңiлi көбесiнен
Басылмай жүр дiрiлi денесiнен.
Кешкiлiкте жүредi көше кезiп
Кездескелi Жiгiттiң елесiмен.
Қанша сулап, жанарын құрғатты аспан...
Бойжеткенге көшеде «бұлғақ басқан»
Ермек үшiн, бақ сынап көрмек үшiн
Қырындайды қыл мойын қылжақбастар.
...Үзе жаздап күрмеуiн соңғы үмiттiң,
Қайтты үйiне бүгiн де болдырып тым.
Бақталаптың сөз айтқан бiреуi де
Тырнағына тұрмайды сол Жiгiттiң!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу