Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  300


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Сен мені ойлайсың ба?

Сен мені ойлайсың ба?
Мен қазір алыста жүрмін —
Ғұмырын кешіп құлдың.
Сағыныш — шаһтың сарайын соғып,
Батпағын илеп мұңның.
Сені де мазалай ма,
Тағдырдың тоғыспас жолы?
Тәңірдей дидарлым-ау!
Қисыны қиғаш аруана фәни,
Қол созшы, қиналдым-ау!
Сен мені ойлайсың ба?
Мен сені, күнде жаным...
Ал бүгін тілде балым —
У болып уақытыма зәр кұюда,
Осылай уланғанмын.
Ұйқастық, ұқсастық па?
Е, ондай бола алмадым.
Қанымды ішіп қойды қабарған мұң.
Бақыттың Сен сияқты бұтағына
Баянсыз бүршік болып жаралғанмын.
Сен мені ойлайсың ба?
Мен саған жеткізе алман,
Жанымның шөлдейтінін.
Сарғайып сана, құс болдым ғой мен,
Көзімен сөйлейтұғын.
Кездеспей кеттік!
Сені де өмір алып ағыстарға,
Салды ма нанымы зор жарыстарға?
...Махаббат — мәңгіліктің мәңгүрттігі,
кететін бірге еріп ғарышқа да!
Кездеспей кеттік неге,
Уақытпен уланып сана,
Аялап гүлдің мұңын?
Ғашықтың ділі — Мәңгүрттің күні
Екенін білдім бүгін.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу