15.10.2021
  359


Автор: Жібек Ысқақова

Жүректе жарқын бейнеңіз

ЖҮРЕКТЕ ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢІЗ

ҚАРАТАЙҰЛЫ БАЛТАБАЙ НҰРЖАНОВ
(01.08.1954-30.09.2013)

«Жақсының аты өлмейді»,
Жүректе мәңгі сақталар.
«Ғалымның хаты өлмейді»,
Санамызда жатталар.
ЖІБЕК ИСКАКОВА





««Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» - дейді дана халқымыз. Тұла бойынан бар жақсылықтың лебі есіп тұратын, айналасына күндей жылу беретін, бар мейірімін, махаббатын төгетін. Жан дүниеңді бір-ақ демде баурап ап, Қиыстырып сөз маржанын теретін. Адалдықтың ақ жолынан таймайтын, Бар жақсысын өз халқына арнайтын. Қаратайұлы Балтабай есімі өлмес, Жүректерге үміт отын жалғайтын» — деп, сөзімнің кіріспесін бастар болсам, сөз төркінін а дегеннен түсініп, ұғынып отырған боларсыздар. Бұл жазбамның жүрекпен толғанып жазылуына арқау болып отырған қарымды қаламгер, өмірінің ең маңызды кезеңдерін «журналистік» қызметіне арнап, ағайын-туыс, дос-жаран, ұжымдастар алдында өте сыйлы, құрметті азамат болған журналист Балтабай Қаратайұлы Нұржанов 1954 жылы тамыз айының 1-ші жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Түркістан қаласына қарасты Шаға ауылдық округінде туған. Мектеп жасын-ақ қолына қалам алып, жүректің төрінен орын алатын мәнді де мағыналы мақалалар жазып, газет беттеріне ұсынып жүрген қаламгер ағамыздың өмірі «Түркістан» газетімен тығыз байланыста болады. Бойындағы қарым-қабілетін, ерекше дарынын байқаған «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің сол кезеңдегі редакторы Тұрабай Мырзахметов Балтабай ағамызды 1973 жылы жұмысқа шақырады. Газеттегі жұмысын «корректор» болып бастап, көп ұзамай «тілші», «бөлім меңгерушісі», «жауапты хатшы» қызметтерін абыроймен атқара білген қаламгер ағамыз 1982 жылы С. М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «журналистика» факультетіне сырттай оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын көңілдегіндей етіп аяқтап, өз ісінің нағыз маманына айналған. Жоғары оқуға түспей-ақ журналистік жұмыстың қыр-сырын меңгеріп алған жазбагер ағамыз өмірінің соңғы күндеріне дейін қалалық «Түркістан», «Туркистон» газеттерінде директор-редактор болып қызмет етті.
Атырау, Алтай арасында, кең байтақ қазақ даласында «елім» деп еміреніп, «жұртым» деп жұмыла іс жасайтын азаматтар мен азаматшалар баршылық, жүзінен мейірім төгіліп тұратын Балтабай ағаны сондай елі үшін маңдай термен қызмет етіп, жері үшін қолындағы барын беретін, тілі үшін алаңдап, жүректен шыққан үнін ақ параққа түсіретін қаламгерлердің көшін бастаған адам деп танимын. Себебі, жақсылығы алты қырдан сезілетін, жазған әрбір мақала-жазбасы біздерге, келер ұрпаққа хат болып тарихқа енетін қаламы қарымды ағамыздың аты да, жазған хаты да өлмейді, өшпейді. Қайта, оқыған адамды өзіне баурап, жанын сөзбен тербейді.
Мейрім тұнған жүзінен,
Көңілге шуақ тарайды.
«Ізбасарлар қайда»- деп,
Суреттен бізге қарайды.
— деп ойымды әрі қарай жалғайтын болсам, расында да Балтабай аға бізге суреттен қарап, жақсылыққа жетелеп отқандай көрінеді. Неге дейсіз ғой, ағаның суретіне қарап-ақ жақсылықтың нышанын байқай аламыз, өзі өмірден өтсе де бізбен бірге ертеңгі күнге жол көрсетіп тұрғандай көрінеді. Мұның бәрі халқына қалаулы, еліне елеулі азамат болғандығы шығар, өз ісін мақтан етіп, жүрекпен беріле қызмет еткендігі шығар, өн бойынан қарапайымдылығы сезіліп, үлкенге құрмет, кішіге ізет етіп, әрбір жанға өз бауырындай қамқор болып қарағандығы болар. Бір қарағанда суретінің өзі маған үн қатып, журналистік жолдың бағыт-бағдарын көрсетіп тұрғандай көрінеді. Киелі Түркістан жерінен қаламы қарымды, жанары жалынды, сөздің балын теретін, жаны-жайсаң дарынды ағамыздың шыққаны біздерге, келер ұрпаққа үлгі-өнеге деп білем және мақтан етем.
Өз ұжымдастарына білікті басшы бола білген, Қазақстан Республикасының Құрметті Журналисі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Балтабай ағамызға берілген марапаттар да баршылық. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 10 жылдығы, Қазақстан Республикасының Консультациясының 10 жылдығы медальдарымен марапатталған. Мінезі ауыр, әр сөзін өз орнымен, байыппен сөйлейтін газет басшысының «Түркістан» газетінің дамып, өркендеу жолына қосқан еңбегі ұшан-теңіз деп айта аламыз. Газет шығарылым санының арттыру барысында, оның сапасын жақсарту жолында аянбай еңбек еткен ағамыздың Түркістан қаласының 1500 жылдығы мерейтойы қарсаңындағы қалада жаңашылдық дәурені басталып, тындырымды істер, құрылыстар есігін айқара ашқан болатын. Сол құрылыстар мен бірге қаланың тыныс-тіршілігін үздіксіз газет беттеріне суреттерімен шығарылып, ол жұмыстардың барлығының басы-қасында Балтабай ағамыздың өзі болып, әрбір мақаланы қадағалап отырған. Жұмысқа деген жауапкершілігінің арқасында 3-4 жылдың ішінде-ақ «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің сапалық деңгейі аудан газеттерінің ішінен алдыңғы қатарға шығып, оқырман санын арттырады. Бұл әрине қарымды қаламгер, білікті басшының арқасында екені даусыз. Оның дәлелінің тағы бір көрінісі газет жұмысын жүйелі ретке қойып, оның таралымының жылдан-жылға артуына өз үлесін басымдықпен көрсеткені 2008 жылы «Ең үздік аудандық, қалалық газеттер» облыстық номинациясымен марапатталғаны қаламгер ағамыздың күндіз-түні еңбек еткені, ұқыптылығы мен жұмысына деген сүйіспеншілігі, жауапкершілігі деп білеміз. 2013 жылы бұқаралық ақпарат құралдары арасында облыстық спартакиадасында «Түркістан» газеті 2-орынды иеленгенде балаша қуанған газет басшысының көңілінің ақтығын, әрбір істен қуаныш, бақыт таба алатынына көзіміз жетіп отыр, осы мінезінің арқасында елдің сүйіспеншілігіне бөленіп, биік белестерді бағындырған. Ағамыздың еңбектері газет беттеріне үздіксіз жариялануымен қатар Ұлы жеңістің 55 жылдығына арнап шығарылған «Баһадурлар», Жеңістің 60 жылдығына арнап шығарылған «Ерлікке тағзым», Түркістан газетінің 75 жылдығына арнайы шығарылған «Тоғысқан тағдырлар» атты кітаптары біздер үшін, өсіп келе жатқан жастар мен келешек ұрпақтарымыз үшін баға жетпес байлық, мол қазына, қаламгер ағамыздың есімі өлмейтін, жазбалары өшпейтін, кітаптары мәңгілік сөйлейтін мұра деп білем.
«Елін сүйер сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған» — деп Қасым Аманжолов атамыз айтқанындай, расыменде, «Отан отбасынан басталады» демекші, Балтабай ағаның өз отбасына деген құрметі мен жауапкершілігі, сүйіспеншілігі, сыйластығы елінің сүйікті ұлы болуы барлығы да берекелі отбасының, мерекелі жанұяның арқасында деп білем. Алланың қалауымен 1970 жылы Балтабай ағамыз атына заты сай, өз есіміне ұқсас жүрегінде мейірім тұнып тұрған, көктемдейін құлпырып, жаздай жайнап, көңілін баурап алған Балтагүл Оспанова апамызбен шаңырақ көтереді. «Екі жақсы қосылса Ай мен Күндей жарасар» демекші, бір-біріне о бастан-ақ жарасып кеткен ағамыз бен апамыздан бір ұл, үш қыз өмірге келген. Ұл-қыздарының барлығы да жоғары білімді, өмірден өз орындарын тауып, ұлы ұяға, қыздары қияға қонған бақытты отбасы. Ұл-қыздарының қасында немере сүйіп «ата» атанған шағында, сол бала-шағасының қызығына тоймай, тойлай жүретін кезінде Балтабай ағамыздың қапияда өмірден өткені жанымызға аяздай батады. Бұл 2013 жылы 30 қыркүйек болатын…
Қара бұлттар көк аспанды торлады,
Жарқыраған жұлдыз ағып мезгілсіз.
Түркістанды қара-түнек жаулады,
Айналаны мұңдар басып белгісіз.
Барлығы да ағаны жоқтап тұрғандай,
«Қайда кеттің, аға, қайда?!» деп үнсіз.
— деп, жүрегімді кернеген қайғы-мұңды жеткізер болсам, неге бұлай болды, өмірінің әрбір күнін құр өткізбей, әрбір сәтін отбасы мен жақындарына, жұмысына арнаған, елі үшін аянбай қызмет еткен адамды неге тым ерте арамыздан алып кетеді? Көкейде көп мың сұрақ, жауабы әттең жоқ бірақ… Бір жұлдыз сөнді аспаннан, жанып тұрған жарқырап. Сол уақыттан бері мінеки минуттар сырғып, сағаттар жылжып, күн артынан күн өтіп, жыл артынан жыл жетіп 8 жылдың басын құрап үлгеріпті… өтіп жатқан өмір-ай десеңізші. Жоғарыда айтып өткенімдей, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» ия, араға 10 жыл, 20 жыл тіпті 100 жыл салса да Балтабай Нұржанов ағамыздың аты да жазған хаты да өлмек емес деп сеніммен айта аламын.
Балтабай ағамен сырласу
Жүректе жарқын бейнеңіз,
Жарқырап тұрад(ы), сөнбейді.
Сіз жазған құнды дүние,
Жанымызды тербейді.
Сіз тірісіз біз үшін,
Суретіңіз сөйлейді.
Бағдар беріп біздерге,
Қисая кетсек жөндейді.
Ізбасарыңыз біз сіздің,
Көңілді шаттық кернейді.
Сіз туған жерде туғанбыз,
Құлауға жол бермейді.
Жүректе сіздің бейнеңіз,
Ешқашанда сөнбейді.
Балтагүл апам осында,
Жастарды қолдап демейді.
Сіз жайлы кітап шығарып,
Жанымызды емдейді.
Қазақ елі, жұрт барда,
Келешек ұрпақ, біз барда,
Атыңыз да өлмейді,
Хатыңыз да өлмейді.

«ҒАЖАЙЫП ҚАЗАҚСТАН-2050» ЖҰРНАЛЫНЫҢ
МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ ЖІБЕК ИСКАКОВА
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ

11.10.2021ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу