Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  161


Автор: Дәркен Танабаев

* * *

Сорлатама енді мені құдайым,
Хақ тағала не қылса да шыдайын.
Жақсы жанның нәзік жанын жаншымай,
Жақсылықпен тынса екен лайым.
Басқа салар іс пе еді бұл деген,
Сорлы басым сыр бөліскем кімменен.
Дос боп кіріп құшағыңа жылынып,
Әб жылан боп шағарын шын білмегем.
Білдім, білдім біле тұра безбедім,
Сайтан қылық, сайқы мазақ сөздерін.
Түлкідейін жеп болған соң жемтігін,
Мүләйімсіп телміретін көздерін.
Көре тұра сұмдығыңды көрмедім,
Енді сенің бола алмаспын ермегің.
Сен тоқыдың өрмекшінің өрмегін,
Күйін кештім торға түскен пенденің.
Бірге жүріп талай жандар шоқ басқан,
Бірі жылап, бірі күйіп тоқтасқан.
Жамандықтың жерге сепкен дәніндей,
Өзің тектес адамдар бар топтасқан.
Жетер енді тайраңдадың малданып,
Кегін алам жүргендердің алданып.
Жолығарсың көзіңнен от шығарам,
Ар үкімі орындалар қалды анық.


* * *
Әке, бүгін аңғал балаң басйлды,
Естелігің көкейіме ой салды,
Өзің еккен үш терегің мәуелеп,
Үш тал гүлің бүршік атып жайқалды.
Ортамызда жүргеніңде марқайып,
Жасымас ем бүгінгідей ортайып.
Өзіңді іздеп құлазыған көңілім,
Жүрсе деп ем ортамызда қартайып.
Қырандайын қызыл көрген долданып,
Қанатымды қағып тұрмын қомданып.
Ертеңіме абыроймен жеткізер,
Өзің салған көріп тұрмын жолды анық.
* * *
Бұл қалай?
Әлде солай болғаны ма?
Мән бермей неге қалдық ол жағына.
Бұл елдің сатылмаған несі қалды,
Телміріп отыр халық қолдағыға.
Инвестор дегеніңе таңырқағам,
Бірі жоқ қарық қылып жарылқаған.
Қарға мен ала қанат қаптап жатыр,
Тоқтат деп ел басына дабыл қағам.
Болғанда Қазақстан атамекен,
Өзгенің басынғаны батады екен.
Бабалар жанын беріп қорғап келген,
Мекенін қасиетті сата ма екен.
* * *
Сынаптай сусып тұрар өмір деген,
Сұрасаң періште де, пері де емен.
Тірліктің ащысын да, тәттісін де,
Таңдамай татып келем өмірден мен.
Адамды таба алмайсың алаңғасар,
Жылпостай жылмаңдаған жалаң ғасыр.
Бұйымын бұлдап тұрған бай секілді,
Тиынын қимайтұғын сараң ғасыр.
Өмірді көрген пенде бойлайды екен,
Тырмысып тіршілігін ойлайды екен.
Қызыққа қанған сайын қамбайды екен,
Тірлікке тойған сайын тоймайды екен.
Ал өмір зымырандай зымырайды,
Мықты болсаң тоқтатшы бұл райды.
Аңдаусыз тоқтап қалсаң бір орында,
Тірлігің шыңырауға құлдырайды.
* * *
Тіршіліктің өзегін оята алған,
Ұят болды-ау, жер ана, сая талдан.
Місе тұтпай бүйірін жаралаймыз,
Қалып еді қара жер қай атаңнан.
Қарсы ойыңыз болса егер таласыңыз,
Табиғаттың жайымен санасыңыз.
Тіршілікті төсіне аялаған,
Жер ананың тел өскен баласымыз.
Ардақтамай ақ шашын аралаймыз,
Бүйте берсек ұл болып жарамаймыз.
Өзге елдерден оқ бойы озамыз деп,
Жер Ананың жатырын жаралаймыз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу