Өлеңдер ✍️

  15.10.2021
  174


Автор: Дәркен Танабаев

ҚАЗЫҒҰРТ АРЫЗЫ

Арызымды айтсам,
Ұғынар ма екен адамдар.
Кеудемде сызат,
Жаныма батқан жарам бар.
Шерімді шертіп,
Зарымды айтып зарлайын.
Талқаны біткен,
Төбелеріме қараңдар.
Құрт болып міне,
Бүйірімді тесіп аралап.
Тауымды шағып,
Жотамды ойдың жаралап.
Кепсендей кепкен,
Жоғалтқан нәрлі кәусарын,
Отырмын шалдай,
Бұлақтарымды азалап.
Тыным жоқ қара,
Составқа артқан тасымды.
Қалдығы қаспақ,
Теміреткі мөрі басулы.
Берекем қашып,
Шарадай болған басымды.
Балтаға салма,
Сиреген аппақ шашымды.
Перзентім деуші ем,
Жайымды менің ұғатын.
Қылығың маған,
Әрқашан ұнап тұратын.
Сырласып бірің,
Мұңыңмен келіп еркелеп.
Ғашығың үшін,
Гүлімнен бірің жұлатын.
Ап-ауыр бұлттар,
Ілініп найза тасыма.
Жылайтын еді,
Жуынып дала жасына.
Шертіліп сыры,
Жеңілдеп барып көшетін.
Қар кетпес сонау,
Тәкаппар таудың басына.
Жылғадан сусып,
Сыңғырлап бұлақ аққанда.
Күн көзі күліп,
Шуағын шашып жатқанда.
Қойнауым қызық,
Той думан еді тамаша
Қызықтап жаным,
Рахатқа шын батқанда.
Қырқадан құлай,
Құралай қайда жүгірген.
Тоғанға келіп,
Өзіне-өзі үңілген.
Ойнақтап түлкі,
Бөрілер жортып беткейде.
Кезетін еді,
Жемтігін іздеп түнімен.
Көгімнен қыран,
Қалықтап биік самғайтын.
Құс базар тоғай,
Сол шақта әнге салмайтын.
Төрт түлік мұнда,
Көтермей жерден бастарын.
Тіршілік атты,
Құдірет күйін жалғайтын.
Тас деп сен адам,
Иықпен маған қарама.
Дәрі боп жағыл,
Ойылған қотыр жарама.
Бағамын әлі,
Балаңның арғы баласын.
Қорғаны болғам,
Ботам-ау, барлық бабаңа.
Өзіңе-адам,
Қас болып әлде тудың ба.
Байымақ болып,
Аш көзді желік қудың ба.
Тіршілік атты,
Өмірдің айтам атымен.
Білмеуші ме едің,
Сұрауы барын судың да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу