Өлеңдер ✍️
ҚЫЗҒАЛДАҚ
Сәуірмен қырды сәндеген,
Балқиды нұрға жан денең.
Қызғалдақ теріп қырқадан,
Әндетіп келдім үйге мен.
Бір құшақ гүлді үйілген,
Көргенде әкем күйінген.
Жағымнан тартып жіберді,
Қабағы мұздай түйілген.
-Қарай көр өзі қомағай,
Осынша гүлді...
Обал-ай!
Шешеңнен рұқсат сұрамай,
Әкеңнен рұқсат сұрамай,
Ақымақ иттің баласы,
Сұраусыз неге жұлады-ай!
Құлағын жүрсем бұрамай,
Құрып кет, құры жыламай.
Бекерге енді солады-ай!
Көзіме гүлді көрсетпе,
Көзіңнің жасын бұламай,
Обал-ай, обал,
Обал-ай!
Келіп ем гүлге мастанып,
Көргеннен әкем бас салып.
Күн шығып тұрған көздерім,
Айналды бұлтқа жас тамып.
-Гүлдерді өзің егіп пе ең,
Суғарып дәнін сеуіп пе ең.
Жылдам айт жаның барында,
Не үшін жұлдың,
неліктен.
Жап-жасыл қалың бидайды,
Астық қып жазда жинайды.
Қызғалдақ жұлып нан басқан,
Көрмейін енді мұндайды.
Ашуға мініп тулаған,
Құлақта даусы шулаған.
Салбырап тұрмын қасында,
Жанарды шықпен сулағам.
Құлайды гүлдер шоқтанған,
Біртіндеп жерге шоқ тамған.
Жүгіріп қаным басыма,
Бетімде ыстық от жанған.
Жер ана көп қып өсіргін,
Балалық қылып есірдім.
Құлпырған нәзік қызғалдақ,
Қатемді сол бір кешіргін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter