Өлеңдер ✍️
Жас алаш
(Нұртөре Жүсіпке)
Текті үл деп әлде, тексіз деп,
Сұрамай менің затымды.
Жырымды тұңғыш бастырып,
Алашқа жайған атымды.
(Бұрқ еткен ыстық жасымдай,
Жасындай жырым — алғашқы.
Алғашқы махаббатымдай,
Тебіренте ешкім алмас-ты!)
Ол кезде сезім мол еді,
Шарапқа бөгіп санасыз.
Дәлізіңде де қондым сан,
Қаңғырып, қажып панасыз.
Басатын тау мен тас қалмай,
Сансырап, шаршап келгенде
“Басымды жазды" жігіттер,
Жанымды ұғып шерменде.
Тісімді қағып милиңия
Жыртылып жағам қан-қан боп,
Жүргенде саған сүйендім,
Тағдырым быт-шыт талқан боп.
Бұлдыр да бұлдыр ол күннен,
Бұл күнде, рас, жалыққам
Тағы да сонда сен тұрдың,
Сүйінші сұрап халықтан.
Тағдырмен ойнап болдым мен
Жалғанға кім бар бойлаған.
Қазама көңіл білдіріп,
Тойымды бірге тойлаған.
Алматыдағы санаулы,
Қара шаңырақтың бірі едің.
Еңкеймес мынау еңсеммен,
Еркелеп еніп жүретін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter