Өлеңдер ✍️

  14.10.2021
  230


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Күз. Алматы

“Тек мен ғана түсінем бұл қаланы"
Есенғали

Мен секілді сағына ма түсінде,
Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны.
Түсінгеннің бірге кетер ішінде,
Алматының бір мұңы бар, бір мұңы!
Күрең шашын, алтын сары кірпігін,
Бауырыма басып дел-сал реңін,
Бірге жамап жүрегінің жыртығын,
Көшесінде мең-зең болып жүремін.
Алматының аспанында бір мұң бар,
Кімдікі ол, соны білмей далмын мен.
О дүние мен бү дүниелік тұрғындар,
Сенікі ме әлде Аллам — алды кең?!
Алматының бір мұңы бар, бір мұңы,
Түсінгеннің бірге кетер ішінде.
Сезе алар ма әкімі әм тұрғыны,
Мен секілді сағынар ма түсінде! ?
Түсіндіре алмаса да өлеңім,
Күз де оған кінәлі емес тегінде.
Тек сол ғана біледі деп себебін,
Раушановтан сұрауым жөн менің не!
Алматының көшесінде арман жүр,
Күз келгенін ертең құстар сездірер.
Сонда айтылар, ал әзірге
қалған жыр —
Соры қалың жүрегіңді ездірер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу