Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  196


Автор: Исраил Сапарбай

Бағала менi, бағала

Бағала менi, бағала,
Көзiмнiң жасын iшпе, Сен.
Шағала – көңiл, шағала,
Шалқарда шалқып ұш десең.
Азапта, мейлiң, əуреле,
Сұрап та жатпан «неге?» – деп.
Ұрынған жарық сəулеге
Мен бүгiн көзсiз көбелек.
Ажалдан аман ап қалар
Аялы жандар қорғалап.
Ақынның аты – аппақ ар,
Түсiре көрме арға дақ.
Адалдың жаны асыл-ды,
Келетiн дəйiм көмекке.
Қорғасаң қорға басымды,
Қолыңнан келсе, қор етпе!
Аз қонып көрiк – бағыма,
Жүрекке кетпе қайғы сап.
Жаз болып келiп жаныма,
Жадырай күл де жай құшақ!
...Бағала менi, бағала,
Көзiмнiң жасын iшпе, Сен.
Шағала – көңiл, шағала,
Шалқарда шалқып ұш десең!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу