Өлеңдер ✍️

  10.10.2021
  247


Автор: Кәкімжан Қазыбаев

Шабытпен сырласу

Келді ... аңсап күткен күні-түн,
Қуанышым, көңіл күйім, үмітім.
Сағыныштың бұлағы боп атқыла,
Көңілімдегі әлдилеген жырым тың.
Асыл сөздер мәр-мәр тастай жарқырап,
Өрнегі бол кіршігі жоқ көңілдің.
Махаббатсыз өтсе босқа қалтырап,
Керегі не мазмұнсыз тұл өмірдің.
Тасы көңілім, шартарапқа шалықта,
Кәне жырым,
Орыншаңа сәлеміңді ап қалықта.
Жаны елжіреп жан сырыңды ұққанда,
Шалқиды екен қанат бітіп жаман-жәутік шабыт та.
Күй сандығым бар ма деуші жасымда-ай,
Кілті болмай жүрді-ау көптен ашылмай.
Тот басты енді деп тарығып тұрғанда,
Көптен күткен көңілің қайтадан ашылды-ай.
Жүрегінде нұр бар екен ғаламат,
Ақ тілеуім — жуымасын жаманат,
Азын-аулақ бойға біткен шабыттың,
Қалғаны енді бір өзіңе аманат.
Әлдилейтін, аялайтын бір өзің,
Шуағы мол көрем сенен күн көзін,
Далбасынан мен бейбақтың шықсын десең бірдеңе
Саясы мол, самалы мол,
Бәйтерек боп тұр өзің!
Шындал жырым, өрлеп көрші өзің де,
Төгіле бер толы боп мөлдір сезімге.
Көрейінші менде қабілет бар ма екен,
Білейінші, білейінші көзім тірі кезінде!
Кешікті деп бұл шабытқа кейімен,
Тәуба, тәңірім, тәуба саған дейін мен,
Біржолата құрып әбден кеткенше,
Келгенің жөн кеш болса да кейіннен.
Бұлқыншы бір ардақ емген асаудай,
Бойындағы сезім отын баса алмай.
Бұлағыңды терең-терең қаза түс,
Шын тұнығын қалма қапы аша алмай!
Қаным болып өн бойымды арала,
Керегеңді бере алмаса жүрегімді жарала.
Ақтарылсам арыныңа қосылып,
Рақметіңді айт мені туған анама!
Жүрегім боп күндіз-түні дамылсыз,
Соқ тоқтама, жыр туғызба дарынсыз.
Ойнай берсең от боп енді кеудемде,
Өкінішті болмас еді, өткен күндер жалынсыз.
Қиялым боп жетелеші қияға,
Күні-түні дамыл бермей қамшылап.
Жыр сезімі шапшып атпай тұра ма,
Шақырып бір жанса алдыңнан шамшырақ.

1968 жыл. Кисловодск.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу