Өлеңдер ✍️
Жапырақ жайып көктегін
Қазыбекке
Елу жасың құтты болсын, Қазыбек,
Ғұмыр кешкін көктемі мол, жазы көп.
Маңайыңды арайлы ақ нұр қоршасын,
Алланың тек ақ мейірін азық ет.
Әрине, елу ел ағасы жасың бұл,
Өрге қарай өрмелейтін тасың кіл.
Бүгін істер ісің кейін қалмайтын,
Мақсат үшін майдан ашар ғасыр бұл.
Ғылым үшін нағыз кезің сайысар,
Табан тіреп жон, қабырғаң майысар.
Атақ емес, адамдықтың қарызын
Өтесе тек, арлы азамат ай құшар.
Әрқилы әркім өткізеді өмірін,
Кейбіреу мәз көтергенге көңілін,
Жүз граммның құлы болып жүрген бар
Атқарғандай Алланың зор әмірін.
Білемін сен, ондайлардан аулақсың
Көздегенің қиынды алу жаулап шын.
Докторлықты кейін ысыра бересің,
Соның үшін келіп отыр дауласқым.
Кандидаттық қорғап істі бастадың,
Аспиранттар да тәрбиелеп тастадың.
Өзіңе емес, өзгеге жазып құнды еңбек,
Бауырым-ау немеден сасқаның.
Емес мұным асығыстық еткенім,
Кеңесімнің мәнісіне жет дегім
Келгені ғой, Арнұр, Айдосқа үлгі боп,
Денің сау боп, жапырақ жайып көктегін.
Бұл өмірде өкінішің болмай еш,
Құрбыларыңның арасында бастап қош,
Арлы азамат ағайынға қадірлі
Мәдетіңмен қоса ағарып ғұмыр кеш.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter