Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  128


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Әр лебізің аумасын жанған өрттен

Сенбе әсте, сенбе ақын Фариза қыз,
Ақындардың дегенге бәрі жалғыз
Ел мерейін өсіріп аспандатқан
Үлкен шоғыр қазақтың қызы бармыз.
Сара, Мариям, Шолпаннан бізге қалды із,
Жалғастырған сол ізді өңшең нармыз.
Ұлы аналар қаны бар бойымызда,
Намысынан туған ел табылармыз.
Қалам сөйлеп қолдарда безектейді
Биліктіге айтқан наз, сөз өтпейді
Лауазымның бұл күнде бәрі керең
Жүрек жылап, өртенсін өзек мейлі.
Төтеп берер нарықтың дауылына
Үміт артып әйелдер қауымына
Жатқан жоқ па әлемдік зиялылар
Зәру болған арғымақ сауырына.
Күрес қана арманды алға асырады
Сан армандар болады ғасыл әлі
Ақын қыздар үшкірсе ұрандатып
Керең болған құлақтар ашылады.
Үшкіруді сен баста парламенттен,
Әр лебізін аумасын жанған өрттен
Елім десін еңіреп ер-азамат,
Баю деген айнысын алау дерттен.
Азып-тозған ашылсын елдің бағы
Көтерілсін жастардың сынған сағы.
Игі іске ат қосып жұмылармыз
Бой тасалап қалмаспыз біздер дағы.

20.05.2000 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу