Өлеңдер ✍️
Ұлы дарын
Данышпан жаратылған ұлы дарын,
Әлемнің тәнті еткен ұлыларын.
Мұхаңды, ол арқылы білді әлем
Дүниеде қазақ атты ұлттың барын.
Абайдай поэзия пайғамбарын
Ертелеп танып, біліп ой аңғарын,
Паш етті ол арқылы күллі әлемге
Екенін қазақтардың дарқан дарын.
Таныды Елбасын һәм адамдарын,
Кең жайлау жаны дарқан, жігер жалын.
Тентегін тыйып, рухын таза ұстап,
Арының садағасы еткен жанын.
Бұзбайтын, бұздырмайтын дәстүр салтын,
Өрісті өнерлінің жүзі жарқын.
Өзіндік сипатымен ерек тұрған
Танытты табиғаты дара халқын.
Ұлдары болса Абайдай, қызы қандай,
Екенін білді Әйгерім, Тоғжандай.
Ағылшын, орыс қызы қатарында
Тең тұрып тағдырлары тоғысқандай.
Танытты даңғыл дарқан Абай жолын,
Ел қазақ жүрегінен алған орын.
Ұйыған зиялысы ұлы елдердің,
Өткенге, бүгінге де тапқан қоным.
Арманы биіктету ұлт өресін,
Өркенді елдерменен бой теңесін.
Кем туып, кеще болып жаралмаған
Халықпыз дей бастар еді ол кенесін.
Жастарға үлгі-өнеге әр қадамы,
Мегзеді ғылым, өнер сан-салалы.
Таусылмас жан азығын мирас етіп,
Іргесін алуан өнер ол қалады.
Ғұлама теңіз білім ойы асқақ,
Жақсыға, жаңалыққа елін бастап,
Әлемдік ұлылардың жолын алға
Жылжытты өнер туын жоғары ұстап.
Пайғамбар, демесеңіз адам аты,
Ғажайып ел-жұртына махаббаты.
Әлемдік даңққа бөлеп туған халқын,
Өлшеусіз тиді ұлтына шапағаты.
Тоғысқан түрлі талант бір басында,
Біртуар ғана жан деп бір ғасырда,
Күллі орыс зиялысы мойындады
Таң қалып парасаты, тұлғасына.
Айтулы батыстың сөз зергерлері
Әуезов ойдың озық кемеңгері,
«Абай жолы» ғасырдың теңдесі жоқ,
Шығармасы есімде дегендері.
Мақтаныш өскеніміз өнеге алып,
Ілімін зерделеніп, сөзін танып.
Әуезов есімімен мәңгі бірге
Жасайды өлмей, өшпей біздің халық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter